Қостанай облысының санитарлық әуе қызметі жаңа тікұшақпен толықты. Енді дәрігерлер өңірдің қиырдағы елді мекендеріне қиындықсыз барып, қиналған науқасқа жедел жәрдем береді.
Әлішер Оразбаевтың су ішерлігі бар екен. Ірі жол апатында өлім аузынан қалып отыр. Рульде ұйықтап кетіп, көлігі аударылған. Жол апатынан зардап шеккен азаматқа шұғыл операция жасау үшін дәрігерлер облыс орталығына тікұшақпен жеткізіпті.
БОЛАТ МЕДІБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНАНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:
— Ұшқыштар мен дәрігерлердің үйлесімді жұмысының нәтижесінде науқас ауруханаға аман-есен жеткізілді. Тікұшақ уақыт шығынын азайтты. Ал адам өмірін сақтауда бұл өте маңызды.
ӘЛІШЕР ОРАЗБАЕВ, ЕМДЕЛУШІ:
— Мені олар жылдам жеткізді. Ұшып-қонуға небәрі 25 минут жеткілікті болды. Олардың жұмысына өте ризамын. Бұрын кинода ғана тікұшақпен ұшады деп ойлайтынмын. Енді ойым өзгерді.
Иә, санавиацияның артықшылығы – жылдамдығында. Дегенмен адам құтқаруға аттанған ұшақтардың да істен шыққан кездері аз емес. Ал жақында санитарлық авиация жаңа техникамен толықты. Бұған қызметкерлер дән риза. Өйткені заманауи тікұшақ шалғайдағы елді мекенге барып қана қоймай, биік ғимарат төбесіне де қиындықсыз қона алады.
ЕРКЕН ҚҰРМАНОВ, САНИТАРЛЫҚ АВИАЦИЯ БӨЛІМІ МЕҢГЕРУШІСІ:
— Тікұшақ ауруханаға жақын жерге қонуы мүмкін. Яғни тасымалдау уақытын тездетеді. Бұл жедел жәрдем мен науқас үшін де ыңғайлы.
Тікұшақ қажет медициналық құралмен түгел жабдықталған. Күрделі реанимациялық шараларды осында жасауға мүмкіншілік бар. Мамандар жаңа техникамен сегіз рейс жасап, ондаған адамға жедел жәрдем көрсетті.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.