Шәмшінің әндері үшін үш айда небәрі 22 мың теңге авторлық сыйақы төленген. Қазақ вальсі Королінің еңбегі осыншалықты арзан бағаланып отырғаны депутаттардың шамына тиді. Сорақысы, халық әніне айналған шығармалардың пайдасын танымал композитордың ұрпағы емес, авторлық қоғамдар көріп отыр.
Авторлық қоғамдар млрд-тап ақша тауып жатыр, бірақ авторға тиын төленеді. Бұл қалай деген депутаттар бүгін Мәжіліс отырысында Әділет министрін сұрақтың астына алды. Депутат Нартай Сәрсенғалиевтың айтуынша, 2023 жылы ұжымдық авторлық басқару ұйымдарына 1,5 млрд теңге кіріс түскен. Соның 439 млн теңгесі ғана авторлардың қолына тиіпті.
НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Шәмші Қалдаяқовтың 55 әнін орындағаны үшін авторлық қоғамдар үш айда Қалдаяқовтың ұрпағына 22 мың теңге төлеген. Қазір ол сома 18 мыңға түсіп кетті. Осындай заңсыздықтарды қашан реттейсіздер?
«Авторлық қоғамдарда тәртіп орнататын кез келді. Мұнда ақша ұрлау дерегі бар екені айдан анық. Әйтпесе 1,5 млрд теңгенің 1 млрд-ы кімнің қалтасына кетті? Оларды қашан тексересіңдер?», — деп депутат Бақытжан Базарбек сұрады. Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев авторлық қоғамдардың кірісі туралы ақпаратты бүгін ғана алғанын айтып, Мәжіліс отырысынан кейін барлық деректі құқық қорғау органдарына жолдайтынын хабарлады.
ЕРЛАН СӘРСЕМБАЕВ, ӘДІЛЕТ МИНИСТРІ:
— Саланы цифрландыру керек. Авторлар да, авторлық қоғам өкілдері де екі арадағы барлық келісімшартты цифрлық платформада жасауы керек. Сонда ғана ақша айналымы ашық болды. Бәрін көріп отырамыз. Цифрлық платформа күзде дайын болады деп ойлаймын.
«Ауыл» партиясынан сайланған депутат Анас Баққожаев аграрлық сала ғалымдарының да өмір бойы сыйақысыз қалып жүргенін айтып дабыл қақты. Етті меринос мал тұқымын шығарған сегіз авторға бір тиын да төленбеген.
АНАС БАҚҚОЖАЕВ – МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Бір ғалым бір өнімді жасаған. Бірақ сол өнімді сатқан институт 100 млн тг аса кіріс тапқан. Енді автор 10 млн теңге алуға құқылы. Бірақ төлегені 500-ақ мың теңге. Қасында жүрген балалары, інілері, әріптестері көріп отырғанда, «менің интеллектуалдық еңбегім осылай бағаланса, не үшін істеуім керек» деп ертең шетел асып кетеді ғой.
Депутат Дәулет Мұқаевты әлеуметтік желілерден жоғалып, жақында қайта қосылған қазақ музыкасының тағдыры алаңдатты. «Жағдай қайталанбай ма?», — деп сұрады. Министр: «Бұған ешқандай кепілдік бере алмаймын» деді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.