Тіркелмеген мопед мінгендерге айыппұл салынып жатыр

Қазақстанда тіркелмеген мопед мінгендерді ұстау науқаны жүріп жатыр. Бесінші сәуірден бері мұндай көлік иелерінен мемлекеттік нөмір, жүргізуші куәлігі мен сақтандыру құжаты сұралады. Әйтсе де жүргізушілер қос дөңгелекті көлікті тіркетуге асығар емес. Полиция қызметкерлері тек Алматы қаласының өзінде заңға бағынбаған 500-ден астам адамның үстінен айыппұл салған. Ал Ақтөбеде тіркелмеген мопед мінген оқушы жол апатына себепкер болды.
Мопед тізгінінде 15 жастағы жасөспірім. Өзінің де, көлігінің де құжаты жоқ. Мопедтің мемлекеттік тіркеу нөмірін де алмаған. Сөйте тұра, қала көшелерінде емін-еркін жүйткіген.

ЕРБОЛАТ САРҚҰЛОВ, ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
— 15 жастағы жасөспірім мопедті құжатсыз, мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз басқарып, бағдаршамның тыйым салатын сигналына өтіп, Toyota Camry автокөлігімен соқтығысқан. Соқтығысу салдарынан жеңіл автокөлікқозғалыс бағытын өзгертіп, Ваз автокөлігімен соқтығысқан.
Апатқа түскен жеткіншек қалалық балалар ауруханасына жеткізілді. Дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Ақтөбе полициясы жыл басынан бері скутер мінгендердің қатысуымен екі апат болғанын айтады. Талап етілгелі, аймақта мыңнан астам жүргізуші мопедін тіркеткен.
Ал Алматы полициясы демалыста мопедшінің артынан қуып, әрең тоқтатты. Жүргізуші тәртіп сақшыларының тоқта деген талабына құлақ аспай, қашып құтылмақ болған. Жолда көлігін басқара алмай, құлап, әрі қарай қашқан. Полиция оны ұстап алды.
САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
— Желіде жарияланған видеода тоқтату талаптарын елемей, полиция қызметкерлерінен жасырынбақ болған мопед жүргізушісін қуып бара жатқаны көрсетілген. Кейбір жерлерден жаяу өтіп, қашуға тырысқанына қарамастан, құқықбұзушы ұсталды және жол жүру ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сөйтіп, Алматыда апта ішінде 180 мопед айыппұл тұрағына әкетіліп, иесіне 20 млн теңге айыппұл салынды. Оңтүстік астанада былтыр мопедшілердің қатысумен мыңнан астам жол апаты болған. 17 адам қайтыс болды, мыңнан көбі жарақат алды. Тәртіп сақшылары енді жолдағы мопед апаты азаяды деген пікірде.
———————————————