Бейнеуде «үлкендердің» тепкісінен 11-сынып оқушысы көз жұмды

Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында «үлкендердің» тепкісінен 11-сынып оқушысы көз жұмды. «17 жастағы Сағындық Құрманиязұлы үлкендердің бұйрығына бағынбағаны үшін ажал құшты», — дейді достары. Туыстары болса мұның қасақана жасалғанына сенімді. Бұрын-соңды мұндай қылмыс болмаған Ақжігіт ауылының тұрғындары да шошып отыр.
Достарымен қыдыруға кеткен Сағындық Құрманиязұлының сүйегін түн ішінде жолдастары алып келген. Алғашында марқұмның достары оның құлап қалғанын айтыпты. Алайда ата-анасы мұның жазатайым оқиға екеніне сенбеген. Өйткені баланың денесінен соққы іздерін байқаған. Сол себепті мәйітке сараптама жасау үшін Ақтауға жіберген. Кейін достарын жинап, шындықты сұрай бастағанда бірден Сағындықты ауылдағы «үлкендер» ұрғанын мойындаған.

АЙТБИКЕ ДЕРБЕСОВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:
— Баламды менен айырып, шаңырағымды ортасына түсіретіндей кімге не жазып қойғанымды білмеймін. Әлі ұйықтаған жоқпын, қан құсып жүрмін. Қасымда жүрген адамдар мені неге мазақ қылады? Ал менің баламда ала алмай жүрген не өші бар?

ҚҰРМАНИЯЗ ҚУАНЫШБЕК, МАРҚҰМНЫҢ ӘКЕСІ:
— Қатаң жаза берілсін деп ойлаймын. Қатаң жаза қолданбаса, бұл жалғаса береді. Себебі бұл екі жылдан бері болып келе жатқан жағдай екен. Мына кішігірім ауылдың ішінде болып жатқан жағдай.

Сол түні бозбаланың денесін алғаш болып көргендердің бірі – Балғабек Атшанов. Ол оқушының өзі құлап жарақат алды дегеніне сенбейді.

БАЛҒАБЕК АТШАНОВ, АҚЖІГІТ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— «Алға қарай бетпен құлады», — дейді. Алға қарай құлағанда беті не қолы көгеруі керек. Ешқандай жырық жоқ, баланың денесінде ештеңе жоқ.

Қазір іс «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіріп, абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне әкеп соғу» дерегі бойынша тергеліп жатыр.

СМАҒҰЛ ХАСНИЯЗОВ, БЕЙНЕУ АУДАНЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ:
— Осы қылмысқа қатысы бар күдікті тұлға Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік Кодексінің 128-бабына сәйкес ұсталды. Тергеу органымен сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Қалай болған күнде де, кінәлілер жазасын алып, жауапқа тартылуы керек. «Әйтпесе ауылда мұндай бұзақылық тоқтамауы мүмкін», — дейді тұрғындар.
———————————————