Қазақтың күй өнерінде өзіндік орны бар сазгер Әбдімомын Желдібаевтың өмірден өткеніне биыл 1 жыл. Саналы ғұмырын саф өнеріне арнаған дарын иесінің туындылары бүгінде жастар арасында да үлкен танымалдылыққа ие. «Ерке сылқым» күйі тек Қазақстанда ғана емес, шетелдік тыңдармандардың да жүрегіне жол тапқан. Күйші композитордың өнерін өскелең ұрпақ арасында дәріптеу маңызды. Осы мақсатта Астанадағы Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияда Әбдімомын Желдібаевты еске алуға арналған кеш өтті.
Күй өнерінде көрнекті орны бар Әбдімомын Желдібаев – халқына асыл қазына сыйлаған сазгер. Ерен еңбегі үшін «Парасат», «Құрмет» орденімен марапатталған. Дарынды тұлғаны еске алу кешінде алдымен «Сырлы саздың сыңғыры» кітабының тұсауы кесілді. Туынды күйші композитордың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертеді. Астанадағы Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония залында өтті. Мазмұнды кешке Әбдімомын Желдібаевтың үзеңгілес достары, өнер майталмандары мен зиялы қауым жиналды.
АЙТҚАЛИ ЖАЙЫМОВ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:
— Оның Отан, ата-ана, жастар туралы тамаша шығармалары мәнді әрі терең. Әндері қандай әсем. Нағыз майталман, нағыз өнер адамы, халықтың адамы.
Күй өнерінде ерекше құбылысқа айналған Ерке сылқым туындысын білмейтін жан кемде – кем шығар. Жастар арасында да үлкен танымалдылыққа ие. Қазақ өнерінің алтын қорында мәңгі сақталатын бірегей туындыға айналған. Шетел тыңдарманның да жүрегін тебіреніп жүр. Талантты сазгерді еске алуға арналған кештің шымылдығы «Тұран» күйімен түрілді.
Әбдімомын Желдібаев ұлттың құндылықтарын күймен жеткізген. Сондықтан туындылары бүгінде мәні мен мағынасын жоғалтпаған. Еске алу кешінде өнерпаздар «Жетісу саз», «Әулие ата», «Ыдырыс», «Көк шолақ» күйлерін паш етті. Күйші сазгердің әніне жазылған «Туған елім» туындысы орындалды. Әбдімомын Желдібаевтың немерелері Меруерт, Шалқар Желдібаев, Нұрғиса Әбдімомын да и өнер көрсетті.
ТАЛҒАТ ЖЕЛДІБАЕВ, Ә. ЖЕЛДІБАЕВТЫҢ ҰЛЫ:
— Ол кісінің берген тәрбиесі, жазған шығармаларының бәрі – біз үшін үлгі. Бұл кештің өту себебі, біріншіден, еске алу. Екіншіден, өскелең ұрпаққа насихат ретінде өткізіліп жатқан кеш. Болмысының негізі қарапайымдылыққа негізделген, мінезі де шығармашылыққа жақын.
Талантты тұлғаның мұрасы өскелең ұрпаққа мәңгілік азық, аманат. Кештің мақсаты да осы. Саналы ғұмырын саф өнеріне арнаған күйші сазгердің өнерін жастар арасында кеңінен дәріптеу, тағылымды тәрбие беру.
СӘУЛЕ ЖЕЛДІБАЕВА, Ә. ЖЕЛДІБАЕВТЫҢ КЕЛІНІ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:
— Біздің әкеміз – кісіліктің кілтін қолында ұстаған керемет тұлға. Ол кісінің ең басты мақсаты – өскелең ұрпаққа керемет парасатты дүниелер қалдыру. Негізгі күйлерінің барлығы қазақтың тарихына, ұлы даласында өткен билермен батырларға арналды. Қай күйін алсақ та жатқан тарих.
Мәдени мазмұнды шарада Әбдімомын Желдібаевтың «Төлеби толғауы», «Шабыт», «Тұран елі», «Бозжігіт» күйлері орындалып, көрерменді ерекше әсерге бөледі. Тыңдарман құлақтың құрышын қандырып, рухани азық алғаны талас тудырмайды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.