Олжас Бектенов тасқынға қарсы шаралардың сапасыз орындалғанын айтты

Бүгінде бірқатар облыста су тасқыны қауіпі сейілген. Дегенмен Солтүстік Қазақстан облысында Есіл өзенінде су деңгейі көтерілуі мүмкін. Ал Шығыс Қазақстан облысындағы елдімекендердің жартысынан көбінде әлі қар жатыр. Сондықтан тасқынға тосқауыл болуға қашанда дайын тұру керек. Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов қай өңірдің дайындығын сынады? Қандай жауапты тұлғаларға сын-ескертпе жасады?
Сәуір айының басында Ақмола облысына қарасты бірқатар елді мекенді қызыл су басты. Жүзден аса отбасы зардап шекті. Бұл мәселе жылда қайталанады. Премьер-министр Олжас Бектенов халықты топан судан аман алып қала алмаған жергілікті әкімдіктің жұмысын сынады. Үкімет басшысы тасқынға қарсы іс-шаралардың тиімсіз әрі сапасыз орындалғанын баса айтты.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Мәселен, Ескі Қалқұтан ауылында Қалқұтан өзенін тазарту, жағалауын бекіту және тереңдету 3 шақырымдай учаскеде жүргізілген, ал жоба бойыша 11 шақырым бекітілуге тиіс болатын. Салдарынан өзен арнасынан асып, үйлерді су басты. Су деңгейі үлкен емес оған тосқауыл қоюға болатын еді. Сонымен қатар Макенск қаласына да су жайылды. Жергілікті билік қажет шараларды уақытылы қабылдамаған.
Брифингте Су ресурстары және иррагация министрі Ақмола облысының кейбір аймақтарын неліктен су алғанын түсіндіруге тырысып бақты. Айтуынша, бір айда қар тиісті мөлшерден 1,5 есе көп жауған. Судың көлемі көп болғандықтан тасқынға тосқауыл бола алмады. Бірақ бұл қай саланың олқылығы? Тілшілер қойған сұраққа Су ресурстары министрі Нұржан Нұржігітов былай деп жауап берді.
НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ, СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ:
— Су тасқынына байланысты жергілікті атқарушы орган нақты жұмыстарды атқаруы керек. Ал болжамдау мәселесі ол министрлік тарапынан жүргізіледі. Сондықтан бұл жерде бірлескен жұмыстар. Су тасқыны болатын болжам жергілікті атқарушы органдарға жеткізілген.

Үкімет басшысы топан судан зардап шеккен халыққа жәрдемнің тиісті көлемде берілуін міндеттеді. Жалпы Солтүстік Қазақстан облысында Есіл өзенінде су деңгейі арнасынан көтеріледі деген болжам бар. Ал Шығыс Қазақстан облысындағы елді мекендердің жартысынан көбінде әлі қар жатыр. Сондықтан тасқынға тосқауыл болуға қашанда дайын тұру керек.

ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Қамданған қапы қалмайды. Үкімет басшысы Олжас Бектенов Төтенше жағдай министрлігіне көктемгі тасқын жағдайына мониторинг жасауды қадап тапсырды. Тұрғындармен кері байланыс орнатып, су қоймаларындағы судың деңгейін жіті бақылауда ұстауды ескертті. Ал Көлік министрлігіне зақымданған жолдарды қалпына келтіруде жергілікті әкімдіктермен бірлес жұмыс істеу міндетін жүктеді.
———————————————