Еліміздің солтүстігінде Есіл өзені тағы да көтерілді. Аймақта осымен тасқынның үшінші толқыны жүріп жатыр. Гидролог мамандар мұндай құбылыс тарихта бұрын соңды болмағанын айтуда. «Сергеев» қоймасында бөгет үстімен ағып жатқан судың деңгейі соңғы төрт күнде жарты метрге артқан. Осыған байланысты төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері бірнеше ауданда бақылауды күшейтті.
Қар еріп, мұздың көбесі сөгілгелі Солтүстік Қазақстан облысындағы басты гидронысан «Сергеев» қоймасында судың деңгейі үшінші мәрте көтерілді. Мамандар мұндай жағдай бұрын-соңды байқамағанын айтып, аң-таң. Қазір мұнда су ернеуінен 162 сантиметрге асқан. Ол уақыт өткен сайын, артуда.
НАТАЛИЯ ЛЕВИНА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК СҚОФ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Биыл табиғат тосын мінез танытуда. Тасқынның үшінші толқыны бізге Ақмола облысындағы «Жабай» және «Қалқұтан» өзенінен келді. Ал оның нөпірі қатты болады. Болжам бойынша қоймадағы судың биіктігі- 2 метр 20 сантиметрге дейін жетеді.
Қалыптасқан жағдайға байланысты Шал ақын, Есіл, Қызылжар ауданымен Петропавл қаласында құтқарушылар бақылауды күшейтті. Өйткені Есіл өзені арнасынан асып, жан-жаққа таси бастаған. Шаhар шетіндегі 34 саяжай қауымдастығына да су жайылды. Болашақта бірнеше ауыл аралда қалуы мүмкін деген қауіп бар.
АСЛАН АХМЕТЖАНОВ, СҚО ТЖД БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:
— Петропавл су торабы жағынан Заречный кентіне апаратын жолды су басты. Қозғалысқа уақытша шектеу қойылған. Сондықтан бұл учаскеде біздің мамандар жол талғамайтын көлікпен кезекшілік етеді. Яғни олар тұрғындарды тасымалдаумен айналысуда. Жалпы Петропавл қаласымен Прибрежное, Типличное және өзеннің төмен жағында орналасқан ауылдарға қауіп күшейді.
Қала шетіндегі қауіпті аумақтарға 12 полиция бекеті қойылды. Тәртіп сақшылары тәуліктік кезекшілікке көшіп, саяжай аумақтарын қайықпен патрульдеуге кірісті. Ондағы мақсат – суда болатын қайғылы жағдайдың алдын алып, ұрлық-қарлыққа жол бермеу.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.