Ақтөбе облысындағы Бесқоспа елді мекені тұрғындары ауылға апаратын жолдың 300 метр асфальтын таба алмай жүр. Былтыр көрші ауылға жол салдырған шенеуніктер Бесқоспаға жақындағанда жұмысты тоқтатып қойған. Ақша қайда кетті және облыс орталығына жақын тұрған ауыл неге әлі күнге дейін асфальт жолға жарымай отыр?
Облыс орталығынан небары 35 шақырым қашықтағы Бесқоспа ауылында асфальт ешқашан болмаған. Ауылдың байырғы тұрғындары: «Елу жылдан бері тақтайдай тегіс жол дегенді көрмедік», — дейді.
Ауылдың әр үйінде осындай резеңке етік бар. Онсыз үлкен жолға жету қиын. Бір шақырым балшық кешіп жүру керек. Көліктер де батып қалады.
ЖАППАСҚАЛИ ОМАРОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Осы жолдан азап көріп отырмыз. Әсіресе жазғытұры мен күздігүні жаңбыр жауғанда бізге қиыншылық туады. Жұмысқа бара алмайды. Ауырып қалсақ, сырқауларымызды ауруханаға жеткізе алмаймыз. Осыны 10 шақты жылдан бері айтып келе жатырмыз.
Халық шу шығарып, журналистерді шақырамыз дегенде кеше ауылға аудан әкімі келіп, жолға қиыршық тас төсеп беремін деп кеткен. Жұрт бұған келіспей отыр. Өйткені қиыршық тасты өздері де бірнеше рет төсеп, жолды дұрыстай алмаған.
НҰРЛЫБЕК БАЛЫМБЕТОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Асфальт керек бізге. Қиыршық тасты осыған дейін 1-2 жыл бұрын өзіміз ауыл болып төседік. Ақша жинадық, осы ауылдан кім қандай қаражат бере алады соны жинап, анау асфальт салынған жерге сол қиыршық тасты төсеп жүрдік. Кеше әкімге де айттым. Оны төсейміз, жаңбыр жауғаннан кейін ол балшыққа батып кетеді, оның пайдасы болмайды.
Аудандық билік былтыр көрші ауылға асфальт жол төсеген кезде бұларға да жартылай жол салып беруі керек болған. «Алайда 300 метр қалғанда, жұмысты тоқтатып, ақшаны бюджетке қайтарып берді», — дейді тұрғындар. Әкімдіктегілер мұны растады. «Үлкен жүк көліктері жолдан түскенде асфальтқа шыдас бермейді деп, қалған қаражатты жұмсамай, алып қалдық», — дейді билік өкілі. Жобасын әзірлеген кезде олар мұны неге ескермегені түсініксіз. Шенеунік жұрт әзірше қиыршық тасқа қанағат етсін деп отыр. Себебі млрд теңге жұмсап, асфальт жол төсейтіндей ауылда тұрғындар саны соншалықты көп емес.
ҚУАНДЫҚ ҮСЕНҒАЛИЕВ, АУДАНДЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Қандай бір жоба жасамас бұрын, оның бюджет кодексіне сәйкес, сол халықтың әлеуеті, санына қарай жасалады. Одан бөлек, көктемгі, күзгі кездері қиын деген учаскелер аудандық бюджеттен қаржы қарастырып, қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізіледі. Жұмыстар маусым айында басталады.
Ауылда жолға қатысты тағы бір мәселе бар. Жұрттың айтуынша, елді мекенді орталықпен жалғап тұрған жалғыз көпір құлағалы тұр. Оны халық он жыл бұрын өз ақшасына салып алған.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.