Павлодар облысынан екінші Дүниежүзілік соғысқа 46 мыңнан аса сарбаз аттанған. Қан майданнан олардың тең жартысы оралмады. Елге оралғанның көбі мүгедек, болмаса оқ тиіп жараланған еді. Ұлы Жеңістің 80 жылдығын сол майдангерлердің алтауы ғана қарсы алғалы отыр. Соғыс ардагерлерінің жасы жүзге таяп қалса да, сұрапыл соғыстың сұрқия естелігі әлі де естерінен өшпепті.
Павлодар облысында бүгінгі күнге аман есен жеткен соғыс ардагерінің бірі – Сергей Выжутович. Ол 18 жасқа толып, қан майданға аттанғанда соғыс аяқталуға тура 1 жыл қалған екен. Соның өзінде жас сарбаз аса қатаң әскери уақытта ондаған ауыр шайқасқа қатысқан. Екінші Белорус майданында гвардиялық атқыштар дивизиясында басып алынған жерлерді жау қолынан босатуға қатысып, Польшаға дейін жеткен.
СЕРГЕЙ ВЫЖУТОВИЧ, СОҒЫС АРДАГЕРІ:
— Мен де өзге сарбаздар сияқты солтүстік Балтық теңізі жағалауындағы 133-ші гвардиялық полкіне алындым. Мамырдың үшінде теңіз жағалауы арқылы Германияның Росток қаласына шықтық. Әрине, оңай болған жоқ. Соғыс та аяқталды. Әскердің солтүстік тобы құрылып, бейбіт күнде қызметімді жалғастырдым.
Майданнан аман-есен оралған Сергей Выжутович отбасын құрып, бар күш жігерін соғыстан кейінгі елдің өсіп өркендеуіне жұмсаған. Ол Павлодар қаласының дамуына көп үлес қосқан. Келесі павлодардық ардагер, жасы 100-ден асқан – Мария Курбатова. 1943 жылы соғыс оты өршіп тұрған тұста ол өз еркімен майданға аттанған. Ұлы Отан соғысының батыры Әлия Молдағұлова оқыған мергендер мектебінен тәлім алыпты. «Чехословакияда кеңес әскерінің жоғары шенді офицерлерінің ізіне түскен жаудың аса қауіпті мергенін тауып, көзін жою туралы тапсырма алғаным әлі есімде. Мұндай жауапты әрі қауіпті тапсырманы Дуся Погребная құрбым екеуіміз атқарып шықтық», — дейді Мария әжей.
МАРИЯ КУРБАТОВА, СОҒЫС АРДАГЕРІ:
— Командир шақырып алды да: «Ағашта отырып бізді көздеп отырған жау мергенін аңдуларың керек. Ол қараңғы түскенде ағаш басынан түсіп, су алып қайта көтеріледі. Көп адамды өлтірді», — деді. Құрбым Дуся екеуміз аңдуға кірістік. Кезекпен дем алып аламыз. Таң ата ол су алуға түскенде мен дәлдеп тұрып атып жібердім. Тіл тартпай кетті.
Арнайы тапсырманы бұлжытпай орындаған қыздар «Батылдығы үшін» медалімен марапатталған. Мария әжей жеңісті Чехословакияда қарсы алыпты. Қан майданда қандай ауыр болғанын, аштықты да, ызғарлы суықты да көре жүріп сарбаздар Отан үшін от кешіп жауды жеңіп қайтқанын әлі де мақтанышпен айтады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.