Қызмет бабында қаза тапқан полицейлердің, әскерилер мен құтқарушылардың отбасына ақшалай көмек берілуі мүмкін. Мәжілісте бүгін тиісті заң жобасына түзетулер енгізу туралы мәселе қаралды.
Жаңа нормаға сәйкес, қызметтік борышын атқару кезінде қайтыс болған погонды қызметкерлердің отбасы мүшелері біржолғы төлемнен бөлек, қосымша ай сайынғы төлем алуға құқылы болады. Ақша марқұмдардың жұбайына өмір бойы, ал балаларына 23 жасқа толғанша төленбек. «Бұған жыл сайын республикалық және жергілікті бюджеттерден қосымша 968 млн теңге қарастырылған», — деді депутат Жарқынбек Амантайұлы. Ал Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтың айтуынша, қазір 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап осы күнге дейін қаза болған полицейлердің отбасына осы ақша төленіп жүр. Заңға түзетулер енгізілсе, бұл санатқа 1991 жылдың 16 желтоқсанынан 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі аралықта қаза тапқан қызметкерлердің 530 отбасы кіреді.
САНЖАР ӘДІЛОВ, ІІМ ОРЫНБАСАРЫ:
— Төлемдер соңғы лауазым бойынша ақшалай үлесінің 40% мөлшерінде, бірақ отбасына 100% аспайтын көлемде анықталған. Қазіргі кезде есепте 500 отбасы бар. Тек Ішкі істер министрлігінде 337 отбасы бар, қорғаныс министрлігінде 53, төтенше жағдай министрлігінде.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.