Президеттің төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті

Мемлекет басшысының төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің жұмыс отырысы өтті. Жиында тарифтік қақтығыстар салдарынан әлемдік нарықтағы жағдайдың өзгеруіне байланысты еліміздің іс-қимыл жоспары талқыланды. Премьер-министр, Ұлттық банк төрағасы және басқа да құзыретті орган басшыларының баяндамалары тыңдалды.
Президент қазіргі жаһандық экономикадағы ахуалдың тұрақсыз сипат ала бастағанын, сондықтан кез келген жағдайға дайын болу қажет екенін атап өтті. «Үкіметтің міндеті – халықтың әл-ауқатын, экономикалық өсім қарқынын және тартылатын инвестиция көлемін төмендетуге жол бермеу», – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ халық алдындағы негізгі әлеуметтік міндеттемелердің бәрін орындауға және маңызды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды жалғастыру қажеттігіне тоқталды. Жиын соңында Президент мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.
———————————————