Әйел ғарышты да бағындырып жүр. Американың Техас штатында әйелдер құрамы ғарыштан сәтті оралды. Қазақстандық қыз-келіншектер де құр алақан емес. Бүгінде бизнес, әлеумет болсын, қай салада да ерлермен тең дәрежеде еңбек етуде. Саяси салаға араласып, басшылық қызметтерді алып жүргендер аз емес.
Әйел бір қолымен бесік тербесе, бір қолымен әлем тербетеді… Қуантатыны, жаһандану дәуірінде қыз-келіншектер отбасы, үй шаруасымен ғана шектеліп қалған жоқ. Бизнесті бағындырып, мемлекеттік сала мен саясатта лауазымды қызметтерді атқарып жүр. Солардың бірі – Парламент сенатының депутаты Жанна Асанова. Еңбек жолын дәрігер мамандығынан бастаған. «Гендерлік теңдік бұл ерлермен бәсекелестік емес», — деп түсіндірді сенатор.
ЖАННА АСАНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
— Гендерлік теңдік дегенде бәсекелестік туралы ойлап кетеміз. Гендірлік теңдік Ата заңымыздан бастап қалыптасқан. Әйел-еркек деп бөлінбейді. Әр азаматқа тең құқық берілген. Барлық әйелді жұмысқа тұрғызу керек деген сөз емес. Ол әркімнің таңдауына байланысты. Кейбір қыз бала мен әйелдер үйде отырғанды жақсы көреді. Оны ешкім сөкпейді, оған бөгет болмайды. Ең бастысы, әр адамның құқығы сақталуы керек. Егер қыз бала жұмысқа тұрамын десе, мүмкіншілік болуы керек.
Бүгінде мемлекеттік аппараттағы қыз-келіншектердің үлесі 55% болғанымен, басшылық құрамда бұл көрсеткіш 39% аспайды. Гендерлік теңдікті дамытуда Президент тапсырмасы да бар.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:
— Өз тәжірибемнен білетінім, әйелдерді қызметке тарту керек. Біріншіден, ер адамдар ренжімесін, әйелдер жұмысқа өте мұқият, тиянақты қарайды. Ер адамдармен салыстырғанда, жемқорлық әрекеттерге бейім емес.
Әсіресе саяси қызметтерге арулар аз араласып жүр. Мысалы, Сенат пен Мәжілістегі депутат әйелдердің үлесі 20% да жетпейді.
ЖАННА АСАНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
— Әйел адамның мойнында бала-шағаны қарау, үйде қалған қарт кісілерге қарау деген міндеттер көбірек. Соның салдарынан әйел адам ерлерге қарағанда мансап жағынан, жұмыс жағынан көп нәрседен қалып қояды.
«Сондықтан қоғамда әйел мерейінің мәртебесін мейілінше өсіру керек», — деп есептейді депутаттар.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Былтыр Қазақстан халықаралық гендерлік теңдік көрсеткіші бойынша 62-орынға жайғасты. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сенсек, 2023 жылы ер азаматтардың табысы әйелдерге қарағанда 22% көп болды. «Ең бастысы, гендерлік теңдік ұғымын дұрыс түсіне білген жөн», — дейді мамандар. Бұл – ерлер мен қыз-келіншектердің тең дәрежеде ортақ мүдде үшін елдің дамуына атсалысуы.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.