СҚО-да жол ережесін бақылауға дрон қолданыла бастады

Солтүстік Қазақстан облысында жол ережесі мен қоғамдық тәртіпті бақылауға дрон қолданыла бастады. Полицейлер ұшқышсыз ұшу аппаратын бірнеше күн бойы арнайы тестілеуден өткізді. Нәтижесінде, ол тиімділігін көрсетіп, 10-ға тарта түрлі заңбұзушылықты анықтады. Мамандардың сөзінше, квадрокоптер көз жетпейтін жердегі, камера қойылмаған аумақты қадағалауда тапсырмас көмекшіге айналды. Ол республикалық трассаларда жылдамдықты асырып, қауіпсіздік белдігін тақпағандарды, көлік тізгіндеу кезінде телефон пайдаланғандарды, екі жолақты басып өткен жүргізушілерді анықтайды. Сондай-ақ қоғамдық жерде темекі шеккендер мен абаттандыру талаптарын орындамаған азаматтарды таспалайды.
РҮСТЕМ ЕСПЕРДІНОВ, СҚО ПД ППБ КОМАНДИРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Дрон тіркеген құқықбұзушылықты біз жақын маңдағы полиция бөліміне жібереміз. Содан кейін патрульдік полиция қызметкерлері оларға қатысты арнайы шара қолданады. Жалпы ақылды жүйе жолдың қарсы бағытына шығу, маневр жасау, жарық шамдарын қоспағандарды және басқа да құқықбұзушылықты анықтай алады.
———————————————