Күн жылынып, терезе айқара ашылатын уақыт жеткені сол, балалардың биіктен құлауы жиілеп кетті. Астана қаласының әкімдігі тұрғын үй иелері бірлестіктерінің басшыларымен кездесіп, балақайларды қалайша қауіптен қорғау жолын қарастырды. Қауіпсіздік шараларын талқылады.
Ашық тұрған терезе балалар өмірі үшін аса қауіпке айналып келеді. Көзді ашып-жұмғанша, қайғылы жағдай орын алуы мүмкін. Орын алды да. Астана қаласының әкімдігі тұрғындар мен тұрғын үй бірлестіктеріне ескерту жасап,түсіндіру жүргізді.
ӘЙГЕРІМ ӘБДІРӘШ, ЕСІЛ АУДАНЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ:
— Биыл көктем ерте келіп, бұл жағдайдың алдын алуға әзірленіп үлгермей жатқандар бар. Үй ысып кетіп, терезе ашады. Көбіне ата аналары жұмыста болып, бүлдіршінді ересектеу баласына қалдырады. Әрине, олар байқамай қалады. Сондықтан терезе бекіткіштерін ертерек орнатыңыздар!
Қауіпсіздіктің басы – терезеге бекіткіш орнату. Ондай құрылғы небәрі 3 мың теңге шамасында. Елордада көпбалалы отбасыларына тіпті тегін қойылады.
ЕРКЕБҰЛАН МӘЛІК, ҚАЛАЛЫҚ ТҮИ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Егер Сіздердің үйлеріңізде терезе бекіткішін орната алмай, орнатуға мүмкіндігі болмай жүрген көпбалалы отбасы болса, тұрғын үй басқармасына – бізге инспекцияға хабарлассын. Біз ретін тауып, орнатып береміз.
Құтқарушылар маскит торлары қорғай алмайды. Қарап тұрсаң, қауіпсіздікке көмек болатын сияқты көрінгенімен ондай жағдайда өте осал деп отыр. Қайғылы жағдай болмас үшін бекіткіш қана орнатып қана қоймай, терезеге жақын жерге жиһаз қоймау керек.
АЗАМАТ ОРАЛ, ЕСІЛ АУДАНДЫҚ ТЖБ БАС МАМАНЫ:
— Күн сайын Есіл аудандық төтенше жағдайлар қызметкерлері, жергілікті атқарушы орган және полиция бірігіп, көпқабатты үйлерге рейд жүргіземіз. Осындай шара кезінде әр пәтерге кіріп, ата-анаға ескерту жасаймыз, түсіндіреміз. Қорғаныш құрылғысын орнату керек екенін айтамыз.
Балалар қауіпсіздігі – баршамызға ортақ іс. Ата-ана, тұрғын үй бірлестіктері мен әкімдік, басқа да құзырлы органдар біріккенде ғана нәтиже болады. Балақайлардың өмірін сақтай аламыз.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.