«Жетінші арнада» жаңа жоба. Көз жанары көрмей, қам көңіл болған жандардың жанына жылу сыйлайтын көрсетілімдер жарыққа шықты. Мамандар сериалдардан бастап, тифлосипаттама арқылы зағиптың қолына таяқ ұстатқандай фильмдерді түсінікті етіп көрсетуді қолға алды. Бұрын-соңды отандық телеарналарда қолданылмаған бұл әдіс еліміздегі 90 мыңнан аса көзі нашар көретін, тіпті мүлдем көрмейтіндер үшін аса ыңғайлы болмақ. Әзірге тифлосипаттамаланған 12 бөлімнен тұратын алғашқы сериал көрерменге жол тартты.
«Жетінші арна» мамандары жабылып тифлосипаттама жасаған қазақстандық сериал «Дем. Соңғы үміт» деп аталады. Бұған дейін тек сөйлей алмайтындар үшін сурдоаударма ғана болып келсе, енді көре алмайтындар үшін кино көрудің таптырмас амалы табылды. Тифлосипаттамалы сериалдың алғашқы тұсаукесеріне зағип жандар шақырылды. Олар редакциямызға келіп, фильмді мамандармен бірге студияда тамашалады.
ДАЛИДА ХАСАН, ТИФЛОПЕДАГОГ:
— Көзі нашар көретін және мүлдем көрмейтін адамдарға өте ыңғайлы екен. Өзі көрмеген заттарын тек есту қабілетіміз арқылы ғана қабылдаймыз. Бүгін сериалды көрдік. Сол сериал арқылы біз барлығын түсініп жатырмыз.
СЕКСЕНБАЙ ЕСІЛБАЕВ, «ҚАЗАҚ ЗАҒИПТАР ҚОҒАМЫ» АҚ ПРЕЗИДИУМ МҮШЕСІ:
— Мұндай жоба жасап жатқандарыңыз өте жақсы. Зағип жандарға керемет мүмкіндік.
Осыған қарап, сериалды көзі соқырдың өзі көріп шыққанына көзің жетеді. Мәселен, фильм жүріп жатқанда ондағы актерлердің эмоциясымен бірге, көрініп тұрған заттың атауы, тұрған орнына дейін айтылып отырады. «Бұл әдіс зағиптар үшін көрсетілімді толыққанды түсініп, көруіне көмектеседі», — дейді мамандар.
САЯ НАУРЫЗБАЙ, «ЖЕТІНШІ АРНА» DIGITAL БӨЛІМІНІҢ РЕДАКТОРЫ:
— Актерлер бір эмоцияны сезініп жатқан кезде немесе қимыл-қозғалысын біз сипаттама ретінде сөзбен жазып шықтық. Мысалы, ол күлді, жымиды немесе ойланды, басын ұстап ойланды. Сол актер қимыл жасап жатқан кезде сипаттамасы сөзбен бірге жүріп жатады. Сол кезде көзі көрмейтін адамдар сериалды жақсырыақ қабылдай алады деп ойлаймын.
«Алғашқы сериалды көрген зағиптар шынымен көзбен көргендей болып шықтық», — дейді. Қазақстандағы 90 мыңнан аса көз жанары көрмейтіндердің 4 мыңнан астамы бала екен. Сондықтан басқа фильмдерге де, мульфильмдерге де тифлосипаттама жасаса деген өтініш айтып қалды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.