М. Головатюк: Соғыста жүріп нағыз достықтың үлгісін түсіндім

Еліміздің шығысында көзі тірі 13 соғыс ардагері бар. Солардың ең жасы – Михаил Головатюк. Өскемендік қария биыл 97-ге келеді. Майдангер әскер қатарына небәрі 16 жасында шақырылыпты. Бозбала шағы қиын қыстау кезде өткендіктен ерте есеюге тура келді дейді.
Ардагер Иркутск – Байкал теміржолының құрылысына атсалысып, Маньчжурияны азат етуге қатысқан. Соғыс аяқталған соң елге оралып, кен байыту саласында тынбай еңбек етті. Алғашында зауытқа балқытушы болып кіріп, бригадирлікке дейін көтерілген. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен жауынгер әлі тың, қимылы да ширақ. Өзі салауатты өмір салтын ұстанып, өңірдегі қоғамдық шараларға белсене қатысады.
Айта кету керек, Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында аймақта іздеу клубы құрылды. Яғни жоғары сынып оқушылары хабар-ошарсыз кеткендер жайлы тың мәліметтер жинаумен айналысып жатыр.

МИХАИЛ ГОЛОВАТЮК, СОҒЫС АРДАГЕРІ:
— Әскерде жүріп нағыз достықтың үлгісін түсіндім. Қатарымызда қазақ, өзбек, қырғыз, белорусь болды. Сен өзге ұлт өкілісінің деп ешқашан бөлініп, дауласқан емеспіз. Оның үстіне біз әрқашан бірі-бірімізге көмекке дайын тұратын едік. Одан жаман болғанымыз жоқ.
———————————————