Астанада 30 мың бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Себебі шаһарда мемлекеттік бақша тапшы, ал жекенің меншігіндегісі – қымбат. Баласын қалай да мемлекеттік балабақшаға бергісі келетін ата-ана ваучер алу үшін күні-түні электронды порталды аңдып әлек. Мәселе қалай шешіліп жатыр?
Гүлмира Сатыбалдина үш жастағы қызы Құндызды далада ойнатып жүр. Бақшаға баратын жасы келсе де, бүлдіршіннің кезегі жылжып болмай, ата-анасы амалсыз жекеменшік бақшаға бермекші.
ГҮЛМИРА САТЫБАЛДИНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Көп уақыт күтеді екенсің. 5 мыңнан астам бала бар. Бір айда әрең кезек келді. Кезек келгенімен, мемлекеттік бағдарламада өзіміз ойлаған балабақшада орын болмай қалады. Сол жағы қолайсыздау болды. Оны күтіп жүрмейікші дедік, үйде бала жүре берсе де болмайды екен, үш жастан асып кетті. Жеке балабақшаға бере салдық.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:
— Астанада күніне 90-100 бала бақша кезегіне тұрады. Қазір жалпы алғанда 30 мың бүлдіршін орын күтіп отыр. Осы жазда бақшамен қоштасатын 12 мың баланың орны босауға тиіс.
Бас шаһарда мемлекеттік балабақша тапшы екенін әкімдіктегілер мойындайды. «Себебі елордада 2017 жылдан бері бюджет есебінен бірде-бір балабақша салынбаған», — дейді. Қаладағы 600-ден астам бақшаның тек 99-ы мемлекеттік. Әкімдік жыл сайын ақша бөліп, жекеменшік балабақшаларда тәрбиеленіп жатқан 10 мың баланың ақысын мемлекеттік тапсырыс есебінен төлеп беріп жүр.
ЛАУРА ӘЛЕУХАНОВА, БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
— Астана қаласы бойынша мемлекеттік балабақшаның жетіспеушілік мәселесі бар, ол жасырын емес. Үйінің қасындағы балабақшаға түсу, түспеу мәселесі, орын жетіспеу мәселесі ашық мәселе болғандықтан, біз нақты мына бақшаға бара алады деген мүмкіндік бере алмаймыз. Сондықтан ата-ана осы мәселені ескере отырып, мемлекеттік тапсырысты қолдану мүмкіндігін пайдалану керек деп ойлаймын.
Басқарма маманы ваучерлік жүйе енгізілгелі бақша кезегі тез жылжи бастағанын айтады. Бір жылдың ішінде кезектегі балдырған саны екі есе азайған. Бірақ ваучер алу үйдің қасындағы мемлекеттік бақшадан орын бұйырады деген сөз емес. Биыл Астанада әрқайсысы 300 орындық екі мемлекеттік балабақша ашылып, 600 бүлдіршінді қабылдайды. Ал орын тапшылығы толықтай қашан шешілетіні белгісіз.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.