Шымкентте құны шамамен 3 млрд теңге болатын кешен қирап жатыр. Осыдан 4 жыл бұрын салынған «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінің қазіргі күйі- туристерді шошытуда. Нысанның қабырға тақталары қирап, қасбеттері адам шошырлық күйде. Қазір мәдени нысан келушілерді қашыртатын күйге жеткен.
Әлеуметтік желілерде тараған бұл видеоны «Шымқала» кешеніне келген туристер жариялаған. Сөздерінше, тарихи-мәдени нысанның сұрықсыз кейпі арнайы келіп көруге тұрмайды. Оның үстіне, келушілерге 500 теңгеге сатылатын кіру билеті туристер үшін 1000 теңге екен.
ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
— Пайдалануға берілгеніне небәрі 4 жыл ғана болса да, тарихи-мәдени кешеннің қазіргі сиқы осы. Қасбеттері ұшып, қабырғалары мүжіліп, қирап жатыр. Тіпті құлаған тақталардың орны қоқыс алаңына айнала бастапты.
Көзге оғаш көрінбесін деп, кейбір кетіктердің беті түрлі материалмен жабылыпты.
2019 жылы мәдени кешеннің үлгісі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа таныстырылған еді. Ал 2021 жылы нысанның салтанатты ашылуы болды. Ірі тарихи нысанда екі мың жылдан асқан монеталар мен археологиялық жәдігерлер табылған. Сол кездегі қала әкімі Ғабидолла Абдрахимов: «Колизей Рим үшін қандай маңызды болса, Цитадель Шымкент үшін соншалықты құнды», — деген еді.
Соншалықты маңызды нысанның құжаты да жоқ екен. Яғни 2 млрд 700 млн теңге жұмсалып, кешеннің өзін салған да, құжатын рәсімдемеген. Сондықтан 8 жарым гектар жерді алып жатқан кешенге не бюджеттен, не демеушілер есебінен әзірге қаражат бөлінбейді.
ЖАНДОС ҚҰРБАН, ШЫМКЕНТ МУЗЕЙЛЕР БІРЛЕСТІГІ МКК ДИРЕКТОРЫ:
— Музейдің теңгерімінде дәл қазіргі таңда тек жерді пайдалануға берілген мемлекеттік актісі ғана бар. Құжаттары, қабылдап алу актісі жасалынбауы себепті ғимараттардың қайсысы жаңа құрылыс немесе қайсысы қалпына келтірілген ескерткіш екені нақтыланбауы себепті, бұл жердің құжаты жоқ деп айтуға толық негіз бар.
Алайда тиісті басқарма басшысы бұл қыс мезгілінде болған жағдай екенін алға тартты.
БАУЫРЖАН ОРЫНТАЕВ, МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Орын алған кемшіліктер бар, плиталардың түсуі, қоршаулардың құлауы дегендей. Әрине, қыстан шыққаннан соң үйімізге де кішкене жөндеу жасайтын уақыт қой. Мен өз көзіммен көруге келдім. Бұл жағдай тұрақты бақылауда болады. Тиісті тапсырмалар берілді.
Қазіргі таңда кешен қызметкерлері тозығы жеткен киіз үйлер мен ішкі жабдықтарды шетке жайғастырып, этноауыл бөлігінің қақпасын жауып тастаған. Басқарма басшысы жөндеу жұмыстары кешенге келушілер есебінен түскен қаражатқа жүргізілетінін айтты.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.