Шерзат Полаттың өліміне қатысты кезекті сот отырысында жәбірленуші тарап тыңдалды. Марқұмның туыстарының түсініктемесінен күдіктілер аса бір қатыгездікпен ұрып-соғып, суық қару қолданғаны белгілі болды. Өз бастарынан өткен жағдайды қайта есіне түсіру марқұмның туыстарына ауыр тиді. Әжесі жедел жәрдем көмегіне тағы жүгінді.
Алдымен жәбірленуші Шерзат Полаттың әжесі Жұмабике Қадырова шағымын жеткізді. Мемлекеттік айыптаушы мен тараптардың қорғаушылары сұрақтың астына алып, қарт ананың жүйкесі тағы сыр берді. Жедел жәрдемге жүгінуге тура келді.
ЖҰМАБИКЕ ҚАДЫРОВА, ШЕРЗАТ ПОЛАТТЫҢ ӘЖЕСІ:
— Бұлар – Нұрқанатты да өлтірдік, Шерзатты да өлтірдік деп кеткен адамдар. Өлтіру үшін келген адамдар. Осы прокурорымыз, сотымыз әділ шешім шығарып, уақытында бір бес жылға қамағанда мұндай дәрежеге бармас еді. Бес жылда қамалып шығып келетін еді.
Одан кейін Шерзаттың анасы Гүлбара Бишімбаева да сөйледі. Сол түні болған оқиғаны баяндап, төбелес кезінде оқ атылып, айыпталушылармен бірге келген қыздардың тас лақтырғанын жеткізді.
ГҮЛБАРА БИШІМБАЕВА, ШЕРЗАТ ПОЛАТТЫҢ АНАСЫ:
— 7-8 адам Нұрқанат пен Шерзатқа жабылып жатады. Сол кезде Шерзат артқа шегінеді де құлайды. Мен Шерзаттың аузынан бұрқ етіп қан аққанын көріп, Шерзатқа жүгіріп барамын. Сосын Шерзат: «Мама, мына жағымды қараңызшы», — деп сол жағын көрсетеді. Сол кезде пышақ салғанын көремін.
Түстен кейін Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтан оқиғаның мән-жайы сұрастырылды. Жағдайды бүге-шүгесіне дейін баяндаған жәбірленуші соттың әділ өтіп, кінәлілер тиісті жазасын алуын сұрады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.