Бұрынғы күйеуі пышақтаған әйел мүгедек болып қалуы мүмкін

Шымкентте ер адам бұрынғы жұбайын ұрып, желкесіне пышақ салған. Ол әйелдің өз үйінде шабуыл жасаған. Алған ауыр жарақатынан 33 жастағы әйелдің жұлынына зақым келген. «Ол тіпті мүгедек болып қалуы мүмкін», — дейді туыстары. Ер адамның бұл әрекеті алдын ала жоспарланған деген жәбірленушінің жақындары әділ тергеуді сұрайды.
Қайғылы оқиға 9 сәуірге қараған түні болған. Ер адам өзінің бұрынғы әйелін күзетіп, үйіне кірмес бұрын ұстап алған.

МӘНШҮК БӨБЕЕВА, ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ ӘПКЕСІ:
-Оны ұрып-соққан. 2 рет пышақпен құлаштап сермеген. Сосын тұншықтыра бастапты. Сіңлім көп қан жоғалтты. Қимылдамай қалған соң өлтірдім деп ойлаған шығар, қашып кеткен. Жай кетпей, сөмкесін, құжатын, дүкеннің кілтін алып қашыпты. 100 мың теңгесін алған. Депозиттегі ақшасын да шешіпті

Туыстары ер адам бәрін алдын ала жоспарлап, әрекет етті деп дәйек келтірді. Қазір зардап шеккен әйел ауруханада жатыр. Тетрапарез диагнозы қойылған, яғни аяқ-қолы қимылдауға жарамсыз, жұлынына зақым келген. «33 жастағы келіншектің қансырап жатқанын қызы көрді», — дейді әпкесі.

МӘНШҮК БӨБЕЕВА, ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ ӘПКЕСІ:
— Ата-анамызға қоңырау шалып, қорқытып, бәрін пышақтайтынын айтқан. Олар қарт адам болғандықтан, 102-ге қоңырау шалған. Ал учаскелік полиция келіп, арызды алғанымен, ешқандай әрекет жасамаған.

Бұл жайт туралы Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Санжар Әділов те хабардар екенін мәлімдеді. Ол «денсаулыққа аса ауыр зиян келтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, бұл істі қатаң бақылауда ұстайтынын айтты. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында.
Айта кетейік зардап шегушінің кәмелетке толмаған 4 баласы бар. Олар қазір туыстарының қарауында
———————————————