Қосымша құн салығы 16% көтеріліп, шекті мөлшер 40 млн теңге болып белгіленсін. Мәжілісте жаңа Салық Кодексінің жобасы талқыланды. Құжатта белгілі бір салаға жеңілдік жасау, тіпті салықтан мүлдем босату қарастырылған.
Кәсіпкерлер, депутаттар мен салық реформасын жасауды ұсынған – Ұлттық экономика министрі күзден бері айтысып-тартысып, қосылған құн салығына қатысты бір тоқтамға келді. О баста қосылған құн салығын 20% көтеріп, шекті мөлшерін 15 млн теңгеге дейін төмендетуді ұсынған Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бүгін қосылған құн салығын 16%, ал шекті мөлшерді 40 млн теңге деп бекітуді ұсынды. Қазір бұл көрсеткіш 12% және 78 млн теңге деңгейінде.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
— 40 млн теңге –біз қол жеткізген мәміленің жемісі. Бұл шешіммен біз 160 мыңға жуық салық төлеушіні жоғалтып отырмыз және шамамен 400 млрд теңге көлемінде бюджетке қосымша салық түсімінен айырыламыз. Сәйкесінше, біз жеке кәсіпкер ретінде тіркелу талаптарын барынша қатаңдатамыз. Қажет нормалар дайын.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:
— Қосылған құн салығынан босатылған салалар бар: олар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары, кітап басып шығару қызметі және археология. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін «минус 70%» жеңілдік ставкасы күшінде қалады.
Ал ақылы медициналық қызметтерге 10% мөлшерінде қосылған құн салығы салынады. Тек әлеуметтік дәрі-дәрмектер салықтан босатылады. Оның тізімін Үкімет бекітеді. Орта және шағын бизнес енді оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимімен жұмыс істейді. Қызмет түрлерінің санын тағы да Үкімет реттейтін болады. Шағын дүкендер, шаштараздар, халықпен жұмыс істейтін кәсіпкерлер қосылған құн салығын төлеуші болмайды. Оларға қорқудың қажеті жоқ, деді министр. Бұл шешім депутаттардың да, бизнес өкілдерінің де көңілінен шықты.
ЕЛНҰР БЕЙСЕНБАЕВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Үй жанындағы дүкендер, басқа да қызметтер, яғни айналымы 2,4 млрд теңгеден аспайтын шағын кәсіпкерлерге алаңдамай жұмыс істей берсе болады. Бұл жағынан ортақ шешімге келдік.
РАЙЫМБЕК БАТАЛОВ, «АТАМЕКЕН» ҰКП БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ М.А.:
— Шағын және орта бизнес үшін жақсы деп есептеймін. Қосымша құн салығын көтеруге қатысты айтсам, оны кезең-кезеңімен көтеру керек деген пікірдеміз.
«Салық реформасы осы күйінде қабылданса, жылына қосымша 4-5 трлн теңге салық түседі. Ұлттық қорға тәуелділік төмендейді. Бюджет өзін-өзі қамтамасыз етеді», — дейді Жұманғарин.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
— ҚҚС-ты 16 пайызға көбейтсек, 2,8 трлн түседі. Жеңілдіктерді азайтсақ, 1,3 трлн түседі. Осал топтарға цифрлық карта арқылы көмек көрсетеміз. Керек болса, бүкіл зейнетақыны инфляцияға көбейтеміз. Біздің міндетіміз бар. Ол бюджеттік кодексте жазылған, өзіңіз білесіз. Сол себепті ешқандай банктерге, ешқандай темекі шығаратын компанияларға арнайы көмек жасап жатқан жоқпыз. Біз бизнеске көмек көрсетіп жатырмыз.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:
— Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі жоғары жалақы алатындардың табыс салығын 15% көтеруді ұсынады. Серік Жұманғариннің пікірінше, жылына 33 млн тг жалақы алатын қызметкерлер бәрімізбен бірдей 10% емес, 15% жеке табыс салығын төлегені дұрыс.
Салық Кодексінің жаңа жобасын мәжілісмендер бірінші оқылымда мақұлдады. «Дау тудырған кей мәселелерді екінші оқылымда реттейміз», — деп тарқасты депутаттар.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.