Теңге бір аптада 2,9% әлсіреді. Бұған не әсер етті? Әрине, Дональд Трамптың саяси шешімінен кейін жаһандық қаржы нарығы құбылғаны рас. Оның үстіне, соңғы 4 жылда мұнай бағасы да 65 доллардан төмендеді. Енді Ұлттық Банк қандай шара қабылдайды және сарапшылар не дейді?
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Мұнай бағасының құлдырауы жаһан елдерінің біразын әбігерге салды. Осы аптада АҚШ-тың ақшасы әлемдік валюталарға қарағанда біршама көтерілді. Қазір бір АҚШ доллары биржада шамамен 520 теңгеге тұрақтады. Ұлттық валюта бір аптада 2,9% әлсіреді. Ал мұнай бареліне 65 доллардан төмен түсті. Бұл – 4 жылда болмаға ең төменгі көрсеткіш.
Экономист Сапарбай Жобаевтың пайымынша, бұған бірінші кезекте Трамптың тарифтік саясаты әсер етті. Ақ үй Президенті импортқа тәуелділікті жойып, экспорттық әлеуетті арттыруды көздейді. Бұл жоспарын Еуропа және Қытайға кедендік баж салығын енгізуден бастады. Кезінде Америка нарығынан кеткен өндірістерді де елге қайтармақшы. «Бұл әрекет басқа мемлекеттермен сауда экономикалық қарым-қатынас құруға кері әсерін тигізеді», — дейді сарапшы.
САПАРБАЙ ЖОБАЕВ, ЭКОНОМИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:
— Американың экономикасы да төмен түсуі мүмкін. Олар Қытайдан алынатын жеңіл өнеркәсіп, көлік, Жапониядан алынатын автомобильдерді азайтып, экономиканы өсіреміз деп ойлауы мүмкін, ол да дұрыс шығар. Сайлауалды уәдесі бар. Бірақ шетелмен ашық саудадан гөрі, жабық сауда мемлекеттік құлдыратады.
Трамптың тариф саясаты Қазақстан нарығына қалай әсер етпек? Сапарбай Жобаевтың сөзінше, Қытайдан біздің шикізатқа сұраныс азаюы мүмкін. Бірақ бұл экономикаға айтарлықтай зиян тигізбейді.
САПАРБАЙ ЖОБАЕВ, ЭКОНОМИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:
— Мұнайдың бағасынан түскен айырмашылықты Ұлттық қордан алып, қазақ қор биржасында сатып, өзіміздің бюджетімізге керек табысты алуымыз мүмкін. Салық кодексін тезірек қабылдап, бюджетімізге түсетін табысты көбейтіп, Ұлттық қорға қол салмасақ.
Дегенмен Ұлттық банк қарап отырған жоқ. Теңгені тұрақтандыру бағытында тиісті шаралар қабылдаған.
ЕРҰЛАН ЖАМАУБАЕВ, ҰЛТТЫҚ БАНК ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
— Керек болса интервенция істелінеді. Бірақ қазір Ұлттық банк тарапынан интервенция істелініп жатқан жоқ. Ұлттық қордан заңмен белгіленген кепілдендірілген трансферттер бар. Мақсат трансферттер бар. Оларды графикпен сатып отырмыз, сол ақша жеткілікті. Әзірге нарықтағы ахуалды тұрақтандыру керек.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА – ТІЛШІ:
— Әлем нарығындағы жағдай АҚШ долларына сұраныстың өскенін байқатады. Шетел валютасын сату осы аптада екі есе артқан. Дегенмен Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев алаңдауға негіз жоқ екенін айтады. Валюта нарығындағы жағдай жауапты мекеменің жіті бақылауында. Оның айтуынша, Ұлттық банк 11 сәуірде валюта нарығындағы жағдай туралы мәлімдеме жасайды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.