Шымкентте әкелі-балалы жүргізушілер қырық жылдан бері автобус тізгіндеп келеді. Олар енді қоғамдық көлік жүргізуді әулеттік кәсіпке айналдыруды көздеп отыр.
Бегалы Сейітов бүгін де таңмен таласа жұмысына кірісті. Автобус жүргізушісі өз мансабын осыдан 44 жыл бұрын бастаған. Одан бері көп нәрсе өзгерді – автобустар жаңарды, жол салынды, бірақ бір нәрсе өзгеріссіз қалды. Ол – мамандығына деген сүйіспеншілігі.
БЕГАЛЫ СЕЙІТОВ, ЖҮРГІЗУШІ:
— Әркімнің көңілін табу керек. Мысалы, жасы кіші адам болса да, басқа болса да «сіз» деп сөйлейміз. Ең маңыздысы, жүйке мықты болуы керек. Өз-өзіне ұстамды болу керек, еш асықпау керек.
Бегалы Сейітовтің ұлы да бала кезінен әкесімен бірге жұмыс істейді. Бағдат Сейітовтің де қоғамдық көлік тізгінінде жүргеніне биыл 17 жыл.
БАҒДАТ СЕЙІТОВ, ЖҮРГІЗУШІ:
— Кішкентай кезімізден көлікке қызықтық, машина айдағанғанға. Оның үстіне әкеміз де шофер болғаннан кейін сол кісінің қасында жүріп үйренгеннен кейін, көлікке қызығамыз ғой.
«Бағдаттың ұлдары кішкентай болғанымен, олардың да жүргізуші мамандығына қызығушылығы жоғары», — дейді әкесі. Болашақта кім болатынын өздері шешеді, бірақ бұл кәсіп ұрпақтан-ұрпаққа жалғасса деген ойын да жасырмайды. Ал әкелі-балалы жүргізушілер туралы әріптестері де жылы пікір білдірді.
АСҚАР ӘБІЛДАБЕКОВ, КӨЛІК КОМПАНИЯСЫНЫҢ ИНЖЕНЕРІ:
— Әкелі-балалы бұл жүргізушілер – біздің үлгілі жүргізушілеріміз. 20 жылдың көлемінде жұмыс істейді. Өздерінің істеріне берік, өз жұмысын білетін, адал, үлгілі адамдар.
Әкелі-балалы Сейітовтердің тағы бір жұмыс күні басталды. Әдеттегідей алдымен денсаулығы мен көліктерінің жолға дайындығын тексереді. Себебі 15 сағат бойы үздіксіз жолаушы тасу оңай шаруа емес.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.