Шерзат Полат ісі: прокурор қылмыстың қалай болғанын баяндады

Шерзат Полаттың өлімі бойынша іс Алматы облысында қаралғанымен, бүгін алғашқы сот отырысы Талдықорғанда басталды. Себебі күдіктілердің басым бөлігі, яғни тоғыз адам облыс орталығындағы №71 оқшаулау мекемесінде қамауда. Судья тараптардың рұқсатымен процесті тікелей эфирде көрсетуге шешім қабылдады.
Талдықорғандағы Жетісу облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотында жәбірленуші мен күдіктілердің жақындары, адвокаттарынан бөлек, түрлі БАҚ өкілдері қатысып, ине шаншар орын болмады. Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысының Талғар қаласында 2024 жылдың төртінші қазанында бір топ жас жігіт 16 жастағы Шерзат Полатты соққының астына алып, туыстарының көзінше пышақтап өлтірген болатын.

ЕРЖАН ҚҰРАҚБАЕВ, АЙЫПТАУШЫ:
— Анасы Бишембиеваның әжесі Кадированың жүргеніне қарамастан, олардың көздерінше аса қатыгездікпен, бұзақылық ниетпен әрекеттерінің қоғамға қауіптілігін ұғынып және оның болуын қалап, Полаттың өмірлік маңызды органы саналатын сол жақ жүрек тұсына қасақана бір рет жоғарыда көрсеткен ас пышағын сұғып алған.

Ал 12 қазанда белгісіз біреулер марқұмның үйіне от қойып, өртеп жіберді. Желтоқсанда Шерзат Полаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев өз-өзіне қол салды. Шерзаттың туыстары өрт пен Нұрқанаттың өлімін күдіктілерден көріп отыр. Марқұмның ет жақындары соттың әділ өтіп, кінәлілер тиісті жазасын алуын талап етуде.

ПЕРИЗАТ НҰРЫМОВА, МАРҚҰМ Ш.ПОЛАТТЫҢ ӘПКЕСІ:
— Бұларды жеке-жеке баппен соттайын деп жатыр. Осы нәрсе көңілімізден шықпайды. Негізі бір топ адам ретінде сотталуы керек деп ойлаймын. Олар топпен келді. Топпен сотталуы керек. Жеке-жеке баппен соттаған дұрыс емес деп ойлаймын.
Айта кету керек, қылмыстық іс 62 томнан тұрады. Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, 200-ге жуық куәгерден жауап алынды. Қылмысқа қатысушылардың барлығына құқықтық баға беріліп, бейнематериалдар зерттелді. Сот төрағасы Талдықорғандағы сот процесі әр аптаның бейсенбі-жұма күндері болады деп шешті. Ал жәбірленуші тарап сот отырыстарын Алматы облысында өткізуді талап етті.
———————————————