Шилісайдағы мектеп құрылысы алты жылдан бері аяқталар емес

Шилісайдағы мектеп шаршатты. Құрылысы алты жылдан бері аяқталар емес. Ал оқушылар күн сайын көрші ауылға қатынайды. Ақтөбе іргесіндегі ат төбеліндей елге қуанышты хабар қашан жетеді?
Автобус балаларды күнделікті Пригородный және Садовое ауылдарына тасиды. Шилісайда 101 оқушы бар. Ал құрылысы созылған мектеп 600 оқушыға шақталыпты. Ол аздай мұнда, ең болмаса, балабақша мен медициналық пункт те жоқ. Инфрақұрылымы дамымағандықтан, ауылдан кейбір отбасылар үйлерін тастап көшіп кеткен.

КАМИЛЯ КЕНЖЕБАЕВА, ШИЛІСАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Мына үлкен мектепті салды. 7-8 жыл болды. Осы жаққа көшіп келгелі мектеп тұр. Жөндеуі бітпеген. Бәрі солай тұр. Көршілердің кішкентай балалары бар. Жауында жолға шыға алмайды. Көлік тұрып қалады. Өздері де кіре алмай, көлігін трассаға тастап кетеді.
Құрылыс басқармасының өкілдері мектеп құрылысы проблемалы нысанға айналғанын жасырмайды. «Тұрғын үйге жер беріле бастаған жылы асығыстықпен білім ордасын 600 орындыққа лайықтап бастап жіберген», — дейді. Құрылысқа облыстық қазынадан 1,7 млрд теңге бөлінген.

АСЛАН ЖАРАСБАЕВ, ҚСҚҚ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Қазір мектептің ішкі жұмыстары 95% аяқталып тұр. Даланың жұмыстары қалды. Даланың кейбір жұмыстары былтыр жасалынды. Биыл аяқтаймыз. Жалпы мектептің өзін 1 қыркүйекте тапсыру жоспаланып отыр.

Екі аусыммен 1200 оқушыны қабылдай алатын мектепке бала толтыру енді білім басқармасының шаруасы болмақ. Бала саны 10 есе аз ғимаратты қамтамасыз ету қазынаға қосымша шығын болары анық.
———————————————