230 мың оқушы тегін спорт үйірмесіне барады

Елде 230 мың оқушы тегін спорт үйірмесіне барады. Бұған аймақтағы мәслихаттар ақша бөлген. Бәрін қосқанда – 50 млрд теңге. Дегенмен әлі 100 мың бала секция кезегін күтіп жүр. Үйірмеге ваучер алу үшін ата-аналар арнайы үш сайтта тіркелуі керек. Бос орын болса, баланың қалаған үйірмесіне жолдама беріледі.
Гимнаст Нариман Құрбановтың Париж Олимпиадасындағы жетістігінен кейін елімізде спорттық гимнастикаға қызығатын бала көбейген. Астанадағы бұл спорт мектебінде ине шаншар жер жоқ. Күнұзаққа телефон қарап отырғаннан гөрі, дене шынықтыруды жаны сүйетін ұл-қыздар таңертеңнен спорт залында тер төгіп жүр. Спорт, батут және көркем гимнастикамен 500 бала тегін айналысады.

АСАНӘЛІ ШЫҢҒЫСҰЛЫ, ОҚУШЫ:
— Мені анам осы спортқа берді. Біз әртүрлі жаттығулар жасаймыз.
Биыл спорттық гимнастика үйірмесіне 2019 жылы туған балақайлар қабылданады. Өткен жылы бір орынға үш бала таласқан. 45-і ғана тегін үйірмеге жолдама алды. Мектеп бұдан да көп баланы қабылдауға дайын. Бірақ жаттығатын зал тар, құрал-жабдық жетіспейді.
АРАЙЛЫМ ҚАНСЕЙІТОВА, ЖАТТЫҚТЫРУШЫ:
— Гимнастика жақсы база береді. Қолдың күші, аяқтың күші, растяжка. Негізі, спорттық гимнастикадан кейін бала басқа спорт түрлеріне дайын болады. Тек қолдың күші кейбір спортта керек болады.
Астана іргесіндегі «Көктал» балалар клубында үйірмелер жұмысы қызған. Актерлік шеберлік, ән, би, фортепиано сабақтары күнде өтеді. Балалар арасында көркемсурет, ұлттық би, домбыра үйірмесі сұранысқа ие.

КӘУСАР ЖАНҒАБЫЛОВА, ОҚУШЫ:
— Домбыраға екі жылдан астам қатысамын. Көптеген күй білемін. Халықаралық, республикалық конкурстарға қатыстық. Бірінші орын, екінші орын, гран-при де алып үлгердік.
ЕРАСЫЛ АҚЖІГІТ, ОҚУШЫ:
— Қайрат Нұртас сияқты әнші болғым келеді. Бұл әндер менің дауысыма келеді. Тойған шыққан кезде айтамын.
Астанада қазір шығармашылықтың 50 түрі бойынша 2 мыңнан астам үйірме жұмыс істейді. Оған 27 мың бала барады. Спорттың 31 түрі бойынша 900-ден астам секция бар. 26 мың бала оған ваучер арқылы жазылған. Спорт үйірмелері арасынан шахмат, дзюдо, каратэ, бокс, футбол мен көркем гимнастикада бала көп.
ЕРЛАН ЖАЛҒАС, «МЕМЛЕКЕТТІК ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ТАПСЫРЫСТЫ ІСКЕ АСЫРУ ДИРЕКЦИЯСЫ» КММ БАСШЫСЫ:
— Шамамен ай сайын мың-мың жарым бала кезегін алуда. Күз айына дейін 8 мың бала өз үйірмесіне барады деп жоспарлап отырмыз.
Туризм және спорт министрлігінің ақпаратына сай, биыл балаларды тегін спорт үйірмелерімен қамту үшін жергілікті бюджеттен жалпы сомасы 50 млрд теңге бөлінген. Ақша 230 мың баланың үйірмесін төлеуге жетті. Кезекте 100 мыңнан астам оқушы тұр. Үйірмеге «Дара бала», «Арт спорт», «Даму бала» порталдары арқылы тіркелу керек. «Бала көп, үйірме саны аз болғандықтан, ваучерлер тез таратылып кетеді. Аңдып отырып, алып үлгеру керек», — дейді мамандар.
———————————————