Солтүстік Қазақстан облысынан екінші дүниежүзілік соғысқа 90 мыңнан астам азамат аттанған. Оның тек жартысы ғана елге оралды. Өкініштісі, бүгінде аймақта көзі тірі үш ардагер ғана қалды. Солардың бірі – Валентина Волкодав. Кейуана наурыз айында 103 жасқа толды.
Майдангер Валентина Волкодав жанын шүберекке түйіп, оқпен оттың арасында жүріп жаумен шайқасқан кезді есіне алғысы келмейді. Сол бір зұлмат жылдары көрген қанды қырғынның сызаты талай жыл өтсе де жүректен әлі өшпеген.
Соғыс басталған шақта Валентина Архиповна 19 жастағы бойжеткен еді. Көпір салатын механикаландырылған отрядқа әскер қатарына алынып, Белорусь және Украин даласында жауынгерлерге жол салған. Ал Жеңіс күнін ардагер Берлинде қарсы алды. Содан кейін елге оралып есепші, кассир-қазынашы болып жұмыс істеген. Кейуана биыл наурызда 103-ке толды.
ВАЛЕНТИНА ВОЛКОДАВ, СОҒЫС АРДАГЕРІ:
— Мен ешқашан әскери боламын деп ойлаған емеспін. Соғыс басталған кезде құжаттарымызды тартып алып, орнына әскери билет берді. Мектепті енді тәмамдап, институтқа оқуға түсемін деп жоспарлап жүрген едім. Бірақ, аяқ астынан Отан қорғауға аттандық. Енді ешқашан соғыс болмаса екен деп тілеймін.
Кейуананың кеудесіндегі «Германияны жеңгені», «Варшаваны азат еткені» және «Берлинді алғаны үшін» медальі оның сұралып соғыстағы жүріп өткен жолынан сыр шертеді. Өмірлік жарын да осы майданда жолықтырған. Ол әскери ревизор еді. Екеуі екі қыз тәрбиелеп өсірген. Ал қазір жиендерінің қызығын көруде.
МАРИЯ НЕДВИГА, АРДАГЕРДІҢ ЖИЕН НЕМЕРЕСІ:
— Әзір шөпшек сүйген жоқ. Сондықтан әжеміз сол күнге жетсе екен дейміз. Мен екі жарым жасымнан қасындамын. Балабақшаға, мектепке өзі апарды. Жақсылыққа үйретті. Ешкімге жамандық тілемеді, біреудің ала жібін аттамады. Ұзақ жасауының сыры осында шығар деп ойлаймын.
Жалпы Солтүстік Қазақстан облысынан майданға 90 мыңнан астам адам аттанған болатын. Жартысына жуығы қанды қырғында қаза болды. Ал қазір өңірде көзі тірі небәрі үш майдангер ғана бар.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.