Алматыда шахматтан Азияның аймақтық чемпионаты мәреге жетті. Халықаралық турнирдің қорытындысы бойынша жүлделі орындардың басым бөлігін қазақстандық шахматшылар иеленді. Біздің спортшылар FIDE Әлем кубогының іріктеу турниріне жеті жолдаманың бесеуін жеңіп алды. Жарысқа Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Ауғанстаннан 130 шахматшы қатысты.
Кеше ғана осы павильонда аймақтық чемпионаттың ақтық ойындары жүріп жатты. Шахматтан мықтының мықтысы ғана жеткен жарыс соңындағы айқас ерекше еді. Жүлдегерлер де анықталды. Жүлделі орындар мен Әлем кубогына жолдамаларды бес қазақстандық шахматшы иеленді. Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турловтың айтуынша, бұл турнир Орталық Азия елдері арасындағы байланысты одан әрі нығайтты.
ТИМУР ТУРЛОВ, ҚАЗАҚСТАН ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Ең бастысы, бұл турнир нақты бір нәрсені дәлелдеді: Орталық Азия әлемдік шахмат аренасында ойып тұрып орын алғанын көрсетті. Біздің аймақ шеберлік пен үлкен мақсаттар жолында жаңа деңгейге көтеріліп келеді әрі бұл жолда өзіне тән ерекшелігін сақтап отыр. Шахматшыларымыз көрсеткен ойын нағыз мақтаныш пен алдағы жеңістерге сенім ұялатады. Иә, шахмат тақтасында біз қарсыласпыз, бірақ оның сыртында біз бір үйдің баласындай біргеміз. Бұл – әр елдің табысын ортақ жетістік деп қабылдайтын, шын жүректен қолдау көрсететін Орталық Азия елдерінің отбасы. Қазақстан үшін бұл турнирді өткізу – үлкен құрмет. Бұл – тек ұйымдастыру мен қонақжайлылығымызды көрсету ғана емес, бауырлас халықтармен қарым-қатынасты одан әрі нығайту жолындағы маңызды қадам. Біз бірге өсіп, бірге дамып, бір-бірімізге шабыт беріп келеміз. Әрқашан солай болсын!
Бүгінгі жеңістері мен алдағы жарыстардан шабыттанған шахматшылар болашақ чемпионаттарда да жеңіске жетуге мақсат қойып отыр. Дегенмен бұл жетістікке жету үшін оларға біраз тер төгуге тура келген.
АЛДИЯР АҢСАТ, ЖЕҢІМПАЗ:
— Турнир мен үшін аса ауыр басталды. Бірнеше мемлекеттен мықты шахматшылар келіпті. Бірақ бірден 4 бірдей жеңіспен бастап кеттім. Сосын бір рет тең түстім. Мен үшін бірнеше маңызды ойын болды. Шахмат шеберлері ең үздік ойын үлгілерін көрсетті. Жеңіс оңай келген жоқ. Әлем кубогына жолдама алғаныма қуаныштымын.
Шынында да, чемпионатта бәсеке мықты болған. Алайда табанды мінез, шеберлік пен дайындықтан басқа туған қабырғамыз, яғни өз жерімізде ойнау әлемдік біріншілікке көбірек жолдама алуға септігін тигізген.
ГҮЛМИРА ДӘУЛЕТОВА, ҚАЗАҚСТАН ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
— Әрине, біз қуаныштымыз. Қазақстан федерациясы мұндай үлкен жарыста 7 жолдаманың 5 жолдамасын алып отырмыз. Аймақтық Азия чемпионаты – өте қиын жарыс. Себебі әлемдік кубокқа жолдама ойнатылып жатқан жарыста, әрине, психологиялық тұрғыдан өте қиын болады. Сондықтан әрбір ойын тартысты өтіп жатты.
Қазақстан атынан Әлем кубогында тоғыз шахматшы бақ сынайды. Батумида өтетін әйелдер арасындағы біріншілікте Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Әминә Қайырбекова және Елназ Қалиахмет, ал Нью-Делиде ерлер арасында Қазыбек Нөгербек, Денис Махнёв, Әлішер Сүлейменов, Алдияр Аңсат және Сәтбек Ахмединов ел намысын қорғайды. Бұған дейін Әлем кубогында біздің елімізден мұндай ауқымды өкілдік болмаған.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.