Ұлттық банк төрағасы валюта нарығындағы ахуал бойынша мәлімдеме жасады

Сауда-экономикалық саясат аясында Ұлттық банк теңге бағамын құлдыратпай ұстауды көздейді. Тиісті министрліктермен бірлесе ұлттық валютаны тұрақты ұстаудың кешенді жоспарын да әзірлемек. Бұл туралы журналистермен болған брифингте Ұлттық банк төрағасы мәлімдеді. Еліміздің Бас банкі әлемдік қаржы нарығындағы күрделі жағдайға қалай төтеп бермек? Нендей шара қолданбақ?
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Бүгін журналистерге арналған брифингте Ұлттық банк төрағасы валюта нарығындағы ахуал бойынша мәлімдеме жасады. Тимур Сүлейменов теңге бағамының қазір тұрақты екенін атап өтті. Алдағы уақытқа инфляция жөнінде нақты болжам жасау қиын. Себебі барлығы жаһандық сауда-экономикалық жағдайда тікелей байланысты.

Әлемдік сауда нарығындағы текетіресте ұлттық валютамыз беки ме әлде әлсірей ме? Көпшіліктің көкейінде жүрген бұл сауал Ұлттық банк төрағасына қойылды. Қазір қаржы нарығындағы жағдай тұрақсыз. Сондықтан мұны ешбір сарапшы нақты айта алмайтынын жеткізді Тимур Сүлейменов. Тек белгілісі, егер мұнай бағасы құлдыраса, экономика мен теңге бағамына кесірін тигізетіні сөзсіз. Осыған байланысты шұғыл шара қабылданбақ.

ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ, ҰЛТТЫҚ БАНК ТӨРАҒАСЫ:
— Үкіметтің өкілдері отыр, Ұлттық экономика және қаржы министрлігінің өкіледері отыр. Соны дайындап жатырмыз. Өйткені біздің макроэкономикалық моделіміз жақсы, сондықтан олармен бірлесіп, ортақ жоспарға келеміз.

Негізгі мақсат – теңгені құлдыратпай ұстап тұру. Бірақ ұлттық валютаны қолдау үшін интервенция жасалмайды. Базалық мөлшерлеме де 16,5% деңгейінде қалдырылды.

ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ, ҰЛТТЫҚ БАНК ТӨРАҒАСЫ:
— Алтын сатып алуға байланысты операцияларды теңестірдік. Секторлық контурциклдық капитал енгізілуі туралы жарияладық. Минималды резервтерге өзгерістер енгізуді жоспарлап отырмыз. Осы шаралар базалық мөлшерлемені күйшейтіп, инфляцияны шектеуге көмектеседі. Оны 5% таргетке төмендеу траекториясына жағдай жасайды.

Тимур Сүлейменовтың айтуынша, халықтың ұлттық валютаға сенімі артқан. Тұрғындардың дені жинақты доллардан гөрі, теңгемен сақтағанды қалайды. Ал қаржы саласының өкілдері теңгені тұрақты ұстауға септігін тигізетін кешенді жоспарды келесі аптада жариялайды.
———————————————