Ақмола облысында Есіл өзені тасыды

Ақмола облысының бір ауданында төтенше жағдай жарияланбақ. Су тасқынынан қауіп бар. Ал басқа өңірлерде жағдай тұрақты. Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері жағдайды бақылауда ұстап отырғанын айтады.
Ақмола облысына қарасты Жақсы ауданы Қима ауылының маңында Есіл өзені тасыды. Соған байланысты бөгет нығайтылып жатыр. Тағы бірнеше аудан мен Державинск қаласында тасқынға қарсы шаралар күшейтілді. Ал Астрахан ауданында 60-қа жуық үй су тасқынынан зардап шекті. Қалқұтан өзені тасып, кей ауылдар көлік қатынасынан үзілді. Құтқару жұмыстарына 70-ке жуық қызметкер жұмылдырылды. 300 текше метр су сорылды. Қазір жағдай тұрақталып келеді.

Ал Солтүстік Қазақстан облысында былтырғы тасқынның салдарын жою жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Арнайы бригадалар сүрілген үйлердің маңын күл-қоқыстан тазартып, абаттандыруда. Ойқала шағын ауданында 80-ге жуық саябақ салу жоспарланған.

ӘСЕМ АЙТУЛОВА, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— 74 саябақ салуды жоспарладық. Оның 52-сін ауданнан келген мехбригадалар жасайды. 22-сін қалалық кәсіпкерлер жасайды. Одан бөлек, футбол алаңдары болады. Түрлі спорттық алаңдар болады. Жаяу жүргінші жолдары салынады және екі мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланып отыр.

Былтыр табиғи апат кезінде облыс орталығында екі жарым мыңға жуық баспананы су басты. Техникалық сараптамадан кейін оның 1800-і апаттық деп танылды. Ал зардап шеккен тұрғындар басқа ауданға көшірілді.
———————————————