Көкшетауда 5 жасар бала терезеден құлап, қайтыс болды

5 жасар бала Көкшетауда терезеден құлап, қайтыс болды. Ол алтыншы қабаттағы пәтердің терезесінен құлаған. Жазатайым оқиғаның қалай болғанын қазір полиция анықтап жатыр. Күн жылынса, күрт көбейетін мәселеге тәртіп сақшылары мен дәрігерлер алаңдаулы. Мамандар ата-аналардан баласына мұқият болуды сұрайды.
Қайғылы оқиға кеше Көкшетау қаласы Сарыарқа ауданындағы тоғыз қабатты мына тұрғын үйінде болған. Алдын ала болжам бойынша ойнап отырған бес жастағы бала терезенің торына сүйеніп, құлап кеткен болуы мүмкін. Тәртіп сақшылары күн жылынысымен жазатайым оқиғалар көбейетінін айтады. Сондықтан ата-аналарға бала қауіпсіздігіне барынша мән беруді, терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнату қажеттігін ескертеді.

РҮСТЕМ ЖҮСІПБЕКОВ, ІІМ ӘПК АҒА ИНСПЕКТОРЫ:
— Көктемгі жылудың басталуымен жазатайым оқиғалар қаупі артады. Елімізде балалардың терезеден құлауының 13 фактісі тіркелді, онда бір бала қайтыс тауып, ал 12-сі түрлі жарақат алды. Мұның басты себебі – ата-аналардың балаларды бақылаусыз, қараусыз қалдыруы және олардың ашық терезелерге қол жеткізу мүмкіндігі.
Дәрігерлер де дабыл қағып жатыр. Астананың бір ғана қалалық балалар ауханасына түрлі жарақатпен күніне 900 бала жеткізіледі. Олар велосипедтен құлаған, көлік қаққан, ағаштан секірген. Биіктіктен құлаған балаларға қатысты статистика ақ халаттылардың жағасын ұстатып отыр.
ДИНАТ ҚОЖЕКЕНОВ, №2 КҚБА ДИРЕКТОРДЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Соңғы бір аптаны алатын болсақ, 15-қабаттан құлаған бала келіп түсті. Өкінішке қарай, аяғы қайғылы аяқталды. Осы аптада екі бала қайтыс болды. 1-2 күн бұрын тағы бір сондай жайт болды. 5-қабаттан құлаған бала, 7-қабаттан құлаған бала түсіп жатыр. Қазір реанимацияда бір науқас жатыр, өте ауыр жағдайда, терминалды жағдай дейміз, өмір мен өлімнің арасында жатқан бала.
Дәрігерлер ата-аналардан, әсіресе 5 жасқа дейінгі бүлдіршіндерге бас-көз болуды сұрайды. Балдырғандарды ашық терезенің қасында қараусыз қалдырмауды өтінеді.
———————————————