Маңғыстау облысының Түпқараған ауданындағы балықшылар күнкөрісі нашарлап кеткеніне шағымданады. Олар: «Күндіз ауға балық түспейді, сол үшін түнде ау салуға мәжбүрміз», — деп отыр. Ал шекарашылар балықшыларды түнде ашық теңізге жүруге тыйым бар екенін айтады. Ата кәсіппен табыс тауып отырған балықшылар осы заңға өзгеріс енгізуді сұрап отыр.
Орал Елемесов 15 жылдан бері балық аулап күнелтеді. Ауылдың су маржаны болмағандықтан аралға барады. Бірақ құзырлы орган өкілдері ау салуға шектеу қойған. Яғни, кешке құрылған торды таң атқанша судан шығаруға болмайды. «Бұл өте тиімсіз, түнде ауға түскен балық таңға дейін жарамсыз болып қалады», — дейді.
ОРАЛ ЕЛЕМЕСОВ, БАЛЫҚШЫ:
— Түн ішінде балықшы ауды екі-үш рет қарайды. Таңертең алғанда балық бұзылмау үшін сөйтеді. Анда-санда бекіре түсіп қалады, сол бекіре өлмеу үшін балықшылар түн ішінде шығады. Балықшыларға мүлдем тимеу керек қой. Заңды қағазымыз бар, күнде келіп тексереді.
Ал Ринат Мыңғалиев бұл кәсіппен 5 жасынан айналысады. Оның да жалғыз табыс көзі – осы балық. «Тыйымның салдарынан жағдайымыз нашарлап кетті», — дейді.
РИНАТ МЫҢҒАЛИЕВ, БАЛЫҚШЫ:
— Күн батқанда келсең, шекарашылар жетіп келеді. Айыппұл салады. Тіпті ескексіз, моторсыз, резеңке қайықпен шықсаң да, айыппұл салады. Бәріміздің табысымыз, күнкөрісіміз осы.
Шекара қызметінің өкілдері балықшыларға түнде теңізге шығуға рұқсат бере алмаймыз деп отыр. Заң бойынша шағын қайықпен теңізге күндіз ғана шығуға рұқсат.
ТАЛҒАТ ТӨРЕБАЕВ, ЖАҒАЛАУ КҮЗЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
— Аталған шектеулер бекер емес, алдымен балықшылардың қауіпсіздігін ойлап отырмыз. Шағын қайығымен үлкен кемелермен соқтығысып қалуы мүмкін. Екінші фактор, теңізде шекарамызды түнде бұзуы фактілері тіркелуі мүмкін. Сол себептерден біз рұқсат бермей отырмыз.
Балықшылардың айтуынша, күндіз ауға балық түспейді. Сондықтан заңға өзгеріс енгізуді сұрайды. Ол үшін қайықты барлық талапқа сай жабдықтай бастаған.
ДАНИЯР ӘКІМЖАНОВ, БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Заңдағы баптың ішіне «кәсіпшілік шағын көлемді қайықтарға рұқсат етіледі» деген қосымша пункт қосу керек. Себебі аталған балықтардың барлық түрлері түнгі мезгілде жүреді. Балықшылар – реттеушілер. Олар балықты аулап, популяциясын реттеп отырмаса, теңізде балықтың өлімі көбейіп кетуі мүмкін.
Әр күні қармаққа телміріп, қанша балық қабатынына қарайтын шаруалар түптің түбінде тиісті заңға өзгеріс енгізілетініне сенеді. Бірақ бұл бүгін-ертең шешіле қоймайтын мәселе екенін де біледі. Сондықтан теңізде балық аулау талабын бұзбауға тырысады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.