Билет бітті. Астанада әйгілі поп-жұлдыз Дженнифер Лопестің концерті өтеді дегеннен-ақ, дүрліккен халық билет сатылар-сатылмаста талап алды. Freedom Ticketon компаниясы билетті таңертеңгі 11-ден бастап ticketon.kz сайтына шығарғаны сол еді 150 мың көрермен бірдеп лап қойды десе болады. Ал әлемдік шоу бизнес жұлдызының концертіне 3 айдан аса уақыт бар. Мұндайды күтпеген ұйымдастырушылар: «Дженивер Лопес Астанаға әлі 8 рет келсе де, тыңдарман табылатын сияқты», — деп отыр.
Дженнифер Лопестің Астана қаласындағы концертіне билет тек ticketon.kz сайтында ғана сатылды. Оның құны 40 000 теңгеден басталып, 150 000 теңгеге дейін жетеді. Ал сахна алды орындардың бағасы — 180 000 теңге. Соған қарамастан белгіленген уақытты күткен жұрт сайтқа лап берген. «Билет аз уақытта сатылып кетті», — дейді ұйымдастырушылар.
ВИКТОРИЯ ТОРГУНАКОВА, Freedom Ticketon сервисінің бас директоры:
— Иә, Қазақстан шоу бизнесінде бүгін тарихи оқиға десе болады. Өйткені әлемдік деңгейдегі өнер жұлдызына деген қазақстандықтардың қызығушылығы басым екен. Біз ұйымдастырушылармен есептеуімізше, 53 мың адам сайт арқылы 2-3 билеттен сатып алды. Бұл 150 мың көрермен деген сөз.
Айзат Тұрғынбекқызы, тілші:
— АҚШ-тың танымал әншісі, әлемдік шоу-бизнес жұлдызы Дженнифер Лопестің концерті биылғы күздегі ең жарқын музыкалық шара болмақ. Концерт әншінің әлемдік турнесі аясында өтеді. Америкалық жұлдыз бұл сапар аясында 17 қалаға аялдамақ. Турнені шілдеде Түркияның Анталья, Ыстанбұл қалаларында бастап, Астана мен Ереванда аяқтау жоспарланған.
Ұйымдастырушылар билет саудасында алыпсатарлықтың алдын алу үшін халықаралық стандарттарға сай арнайы жүйе енгізген. Ең алдымен, сатып алушылар ваучер алады, ал жеке QR-код тек концертке үш күн қалғанда ғана беріледі. Әр карта не аккаунтқа 4 билеттен артық берілмейді. Қауіпсіздік мәселесі де ойластырылып жатыр.
МӘЛІК ХАСЕНОВ, ASTANA CONCERT КОМПАНИЯСЫНЫҢ ПРОДЮССЕРІ:
— Бұл әлемдік деңгейдегі концерт болғандықтан, өте маңызды келісімшарт пен қауіпсіздік бойынша райдер бар. Мемлекеттік органдардан қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша белсенді атсалысуын сұрадық. Жақын арада құқық қорғау органдарының қатысуымен үлкен кеңес өтеді және бұрын-соңды болмаған қауіпсіздік шаралары қабылданады.
Шетелдік жұлдыздың концертіне баруға жастар да қарсы емес. Олар әлем жұлдызының Қазақстанға келуі елімізде туризмді дамытуға үлес қосады деп санайды.
Концертке 15 мыңға жуық туристің келуі жоспарланып, қонақүйлер, мейрамханалар, көлік, бөлшек сауда саласы мен концерттің өзі жалпы 6,5 миллиард теңге түсім әкеледі деп күтілуде. Сонымен қатар бұл шарадан 400 миллион теңге салық түседі деген үміт бар.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.