Соғыс ардагерлеріне 5 млн теңге біржолғы көмек беріледі

Екінші дүниежүзілік соғысқа Қызылорда облысынан 150 мың сарбаз аттанды, олардың 60 мыңы ғана елге оралды. Бүгінде Сыр өңірінде көзі тірі екі ардагер бар. Қарт майдангер биыл Яхия Тасыров 103-ке ал Тілеуберген Тобабергенұлы 101-ге келіп отыр.
Яхия Тасыров — 1922 жылдың қаңтар айында Сырдария ауданының Асқар Тоқмағанбетов ауылында дүниеге келген. 1941 жылдың басында әскер қатарына алынып, одан әрі майдан даласына жіберіледі. Автоматшылар ротасына алынған жауынгер бірнеше қаланы азат етуге қатысқан.

ЯХИЯ ТАСЫРОВ, СОҒЫС АРДАГЕРІ:
— Құдай соғысты болдырмасын! Соғыс дегенің атымен құрысын! Құдай біздің көргенімізді дұшпанымызға да көрсетпесін. Жылаған да күн болды, қуанған да күн болды.
Жеңіске санаулы күн қалғанда Берлин түбінде жарақаттанған Яхия Тасыров дәрігерлердің арқасында екі аяғынан нық тұрады. Елге оралған соң әскери даярлық пәнінен мұғалім болған. Кейін бірқатар өндіріс орнында тер төгеді. Ауданның дамуына еселі еңбек сіңірген ардагерге Сырдария ауданының құрметті азаматы атағы берілген.
Қазалының топырағынан түлеп ұшқан Тілеуберген ақсақал жеңісті Германияда қарсы алған. Танк тізгіндеген. Қолбасшылардың ақпаратты талдап-саралайтын оң қолы болғандықтан соғыстан кейін де әскери қызметке қалдырылған. Оқ пен оттың ортасында жүріп, екі мәрте ауыр жарақат алған жауынгер елге оралғанана кейін ауыл шаруашылығы саласында еңбек етті. Ақсақал бүгін жүздес асқан.

ТІЛЕУБЕРГЕН ТОБАБЕРГЕНҰЛЫ, СОҒЫС АРДАГЕРІ:
— Бақ берсін, дәулет берсін! Еліміз аман болсын! Өніп-өсіп, бала-шағаларың сау болсын! Қайда жүрсең жол болсын! Әумин.

Тілеуберген ақсақал тоқсан жастан асқанша мал жайғап, бау-бақшаның күтімін жасаған. Қазалы ауданының ерікті жастары қарт жауынгердің үйіне жиі бас сұғып, жасыл желек күтімін үйренуді дағдыға айналдырған.

ЕРБОЛ ӘБІЛҚАЙЫР, ӘЙТЕКЕ БИ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Бүгінгі бейбіт күнді сыйлаған аталарымызды ешқашан ұмытпаймыз. Қазіргі таңда көктем айы болғандықтан егіннің маусымы келе жатыр. Сондықтан үй жағына бау-бақшасын егуге жерін тазалап, қол көмегімізді беріп жатырмыз.
Былтыр майдангерге аудан орталығының жаңа ықшам ауданынан үшбөлмелі пәтер кілті табысталды. Ал биыл Жеңістің 80 жылдығына орай, соғыс ардагерлеріне 5 миллион теңге көлемінде біржолғы қаржылай көмек беріледі.
———————————————