Шымкентте 6 жасар бала қоршалмаған шұңқырға құлап, көз жұмды. Жыл бойы тұрғындардың талабын тыңдамаған билік бүгін судың бетін топырақпен жабуға арнайы техника жіберді.
ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
— Қайғылы оқиға дәл осы жерде болған. Тұрғындар судың тереңдігі 3 метр екенін айтады. Сөздерінше, бұған дейін бұл сасық суға екі рет кішкентай бүлдіршін құлап кеткен. Абырой болғанда олар аман қалыпты, бірақ бұл жолы 6 жасар Айдынды құтқарып қалу мүмкін болмады.
Кеше ғана кішкентай ұлын жер қойнына тапсырған жалғызбасты ана баласының өліміне кінәлілер жазасын алса екен дейді. Биыл ғана мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршін 1-сыныпты аяқтап та үлгермеді. Кешкі сағат 16:30 шамасында далаға шыққан. Іс-түссіз жоғалған баланы, ана жүрегі сезгендей ұңғымаға бірнеше рет барып іздеп көріпті.
МАРЖАН АСҚАР, АНАСЫ:
— Сағат 6-лардан бастап іздей бастадық. Кеш батып бара жатыр, ол соншалық кешікпейтін еді. Ұзаққа кетсе де, үйге келіп барып кететін. Соңғы рет барған кезде өзім көрдім, судың ішінде бетімен жатыр екен. Екі қолы сірескен күйі қатып қалыпты, аяғы бүгілген күйі қалған.
Тұран-2 шағын ауданының тұрғындары бұл мәселе осыдан бір жыл бұрын пайда болғанын айтады. Ең құрығанда, айналасын қоршап беруді сұрап, әкімдікке де бірнеше рет шағымданыпты. Алайда жауаптылар жиналған сасық суды «жаңбыр суы», деп әлі күнге дейін ешқандай шара қолданбаған.
ӘЛИЯ СУАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Мына судың тұрғанына 1 жылдан асты. Бұл жер дәретхана боп кеткен. Жаяу жүріп келіп көреміз. Көлшік боп басталды, одан толды, енді адам өлімі болып отыр. Терезелерді ашқанда нәжіс суының иісі бұрқырайды кәдімгідей. Ескертеміз, бала болған соң ойнап жүріп бәрібір кеп қалады.
Тиісті басқарма өкілдері мұндағы ирригациялық жұмыспен айналысқан мердігермен соттасып жатырмыз дегенді алға тартты.
АСҚАР АШИРОВ, СУ ЖӘНЕ КӘРІЗ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ М.А.:
— Құбыр тесіліп, аққан жаңбыр суы бар, бәрі жиналып қалған. Ешқандай мердігер мекемеге айтпай, өзіміздің қол астымыздағы ГКП-ға тапсырма беріп, суын тартып, бетін жауып кетейін деп жатырмыз.
Көпқабатты үйдің аумағында балабақша мен мектеп орналасқан. Ата-аналар қауіпті орынның әлі де қоршалмай тұрғанына наразы. Айта кетейік, оқушының қайтыс болу фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғап, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.