Алаяқтар айылын жияр емес. Қызылордада жымысқы жолмен 51 адамның 63 миллион теңгеден астам ақшасын алған бес күдікті сотталды. Qnet қаржы пирамидасын құрғандар сырбойылықтарды жалған саяхат карталары мен зергерлік бұйымдарды сатуға үгіттеген. Салымшыларды әлем бойынша қонақүйлер мен брендтік әшекей бұйымдарға жеңілдік береміз деп сендірген. Заңсыз желілік маркетингке иланған тұрғындар 840 мыңнан бір жарым миллион теңгеге дейін салып отырған. Аңқау елге арамза болғандардың жолын экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары кесті. Сот шешімімен пирамида ұйымдастырушылардың кінәсі дәлелденіп, 6 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
АЙБЕК ОРЫНБЕКОВ, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ТЕРГЕУШІСІ:
— Күдіктілердің жалпы сомасы 301 млн тг құрайтын «Тойота Камри» маркалы автокөлігі және Астана қаласындағы 7 пәтері тәркіленген. Осы тәркіленген мүліктің сомасынан жәбірленушілерге ақша қаражатын өндіру туралы шешім шығарылған. Қаржылық пирамиданың құрылымдық бөлімшелер жөніндегі ақпаратты Агенттіктің «Байқа-пирамида» телеграмм боттан анықтай алатындарыңызды жеткіземіз.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.