«Қазақстан алғаш рет бітімгерлік міндетін дербес орындауға кірісті. Голан жоталарындағы операция аясында Біріккен Ұлттар Ұйымымен қарым-қатынасымыз мүлдем жаңа деңгейге көтерілді. Біз толыққанды бітімгерлік күштері бар ел қатарына қосылдық. Қазақстан – осы салада мол тәжірибе жинақтаған Орталық Азиядағы бірден-бір мемлекет», – деген мемлекет басшысы Ұлттық бітімгерлік контингентінің әскери қызметшілерімен кездесті.
«Бітімгер болу – бейбітшіліктің елшісі болу деген сөз. Бұл – үлкен абырой әрі зор жауапкершілік, нағыз ержүрек жауынгерлердің қолынан келетін іс. Қазақстан – бейбіт ел. Біз әлемде тұрақтылық орнатуды көздейтін барлық бастаманы қолдаймыз», – деді Жоғарғы Бас қолбасшы.
ЖІГЕР АЙЫПОВ, ҚМ БІТІМГЕРШІЛІК ОПЕРАЦИЯЛАР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:
— Біз кейбір заманда Ұлы бабамыз Сұлтан Бейбарыс билік жүргізген, Әл Фараби Шығыс даналығының негізін қалаған жерде қызмет еттік. Қызмет барысында біздің жеке құрам 600 ден астам жауынгерлік тапсырманы шығынсыз аса жоғары деңгейде орындады. Құрметті жоғарғы бас қолбасшы мырза, жеке құрам атынан бізге аса сенім артып, миссияға жібергеніңіз үшін, қолдауыңыз үшін алғысымызды білдіреміз.
СӘНИЯ ТІЛЕНШИНОВА, ҚМ № 44973 ӘСКЕРИ БӨЛІМІНІҢ АҒА МАМАНЫ:
— Құрметті жоғарғы бас қолбасшы мырза! Бүгін біз сіз сеніп тапсырған бітімгершілік контингентінің миссиясын абыроймен атқарып келіп отырмыз. Қазақ қыздары ел басына күн туған кезде ер азаматтармен бірге ел намысына атсалысқан. Сирия жерінде қазақ қыздары қойылған тапсырманы ержүректікпен ерекше орындады. Қазақстан өзінің бейбітшіліксүйер мемлекет екенін дәлелдеді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.