Солтүстік Қазақстан облысында 116 оқушысы бар мектептің төбесі қисайып, уақытша жабылды. Белое ауылындағы нысан 60 жылдан астам уақыт күрделі жөндеу көрмегендіктен тоз-тозы шыққан. Сондықтан жергілікті тұрғындар жаңа мектептің салынуын талап етіп отыр. Ал балалар көрші ауылға қатынап оқып жүр.
Белое ауылы облыс орталығынан 9 шақырым жерде орналасқан. Алайда мұндағы оқушылар өркениет игілігінен жұрдай. 116 бала аядай ғана ғимаратта екі ауысымда білім алып келген. Оның өзі әбден тозып, қаусап тұр. Ал жуырда төбесі қисайып, мектеп уақытша жабылды.
САМАТ ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ, ТІЛШІ:
— Бұл – тарих пәні кабинеті. Нақ осындағы бөрене ескіріп, шыдас бермегендіктен төбесі майысып кеткен. Сабақ бірден тоқтатылды. Себебі бұл аса қауіпті. Ал балалар енді көрші ауылға қатынап оқитын болады.
Аталған ғимарат 1964 жылы жатақхана ретінде салынған. Содан бері сырлап-қырлаудың арқасында тұр. Бұл жағдайға мұғалімдер де алаңдап отыр. Себебі олар жұмыссыз қалуы мүмкін.
ГҮЛНӘР СЫЗДЫҚОВА, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:
— Жалпы ұжымда 42 адам бар. Оның 29-ы – мұғалім. Сараптамадан кейін мектеп жабылса, көбіміз жұмыссыз қалатын сияқтымыз. Мүмкін бір бөлігін көрші ауылға ауыстырар. Қалғанымыз қайда барамыз?
Ал ата-аналар болса ауылға жаңа мектеп салуды талап етуде. Айтуларынша, бұл сұрақты олар талай рет көтеріп, бірнеше мекеменің табалдырығын тоздырған. Бірақ мәселе шешімін табар емес.
СВЕТЛАНА АРИФУЛИНА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Жаңа мектеп керек. Биліктегілер күнде ертең деп сендіріп келе жатқанына бірталай жыл болды. Ал мына білім ошағын жөндеу тиімсіз. Біз балаларымыздың болашағы үшін алаңдаймыз. Ертең төбесі құлап кетсе кім жауап береді?
Облыстық білім басқармасындағылар болса, араға бірнеше жыл салып тағы сараптама тағайындады. Қорытындысы алдағы уақытта белгілі болмақ.
АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Үш жыл бұрын бұл мектепте техникалық сараптама жүргізілді. Апаттық емес жағдайда деген қорытынды алынған еді. Күрделі жөндеу қажет етеді деген сараптама шығатын болса, онда күрделі жөндеу жасаймыз. Егер сараптама мектепті қолданысқа беруге болмайды, апаттық болатын жағдайында онда тағы да басқа шешімдерін қарастырамыз.
Айта кету керек, бүгінде Белое ауылында мыңға тарта адам тұрады. Соңғы жылдары мұнда көшіп келіп жатқан халықтың қарасы қалың. Сондықтан жаңа мектептің керегі айтпаса да түсінікті.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.