Былтырғы жыл қазақстандықтар үшін үлкен сынақ болды. Тасқын Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстарының халқын әбігерге салды. Бірақ елде болған жағдайға бей-жай қарай алмағандар да көп болды. Қиын сәтте павлодардық еріктілер ауқымды гуманитарлық көмек ұйымдастырып, еңбегімен ерекшеленді. Енді бұл өңірде волонтерлер бірыңғай көмек стандарты бойынша әрекет етіп, шұғыл жәрдем беру дағдыларына үйренетін болады.
Былтыр жүзден аса елді мекен топан су астында қалды. Апаттан зардап шеккен ағайынға тек мемлекеттік мекеме мен құтқарушылар ғана көмектескен жоқ. Еріктілер де жұдырықтай жұмылды. Соның бірі – павлодарлық Эльдар Захаров. «Ассамблея жастары» ұйымының белсендісі Солтүстік Қазақстан облысына көмек керектігін естігенде еш ойланбастан бірден аттанды.
ЭЛЬДАР ЗАХАРОВ, ВОЛОНТЕР:
— Олар маған телефон соғып, 10 минуттың ішінде жиналып, су тасқынының салдарын жоюға баратын адам керек екенін айтты. Бірнеше минуттан соң, газельмен жолға шықтық. Кәдімгі ұрыс жағдайындай болды. Жедел жәрдем жұмысына араласып, қолдан келгенше көмек беруге тырыстық.
Былтыр павлодарлық еріктілер аз уақытта 100 тоннадан астам гуманитарлық көмек жинады. Тасқыннан зардап шеккендерге азық-түлік, киім-кешек, төсек орын, дәрі-дәрмек жеткізді.
РИЗАТ РАХЫМЖАНОВ, ЖАСТАР БАСТАМАЛАРЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
— Қазіргі таңда 200-ден астам азамат төтенше жағдайда волонтерлік көмекке әзір тұр. Ерікті болудың өзге де бағыты бар. Облыстағы 1000 волонтер елде болған жағдайға бей-жай қарай алмады. Мәселен былтыр тасқын кезінде көлігін тегін ұсынған кәсіпкерлер де болды.
Волонтерлік ұйым су тасқыны кезінде әрекет етудің бірыңғай стандартын әзірлеуге кірісіпті. Бұл зардап шеккен ағайынға көмек берудің тиімділігін арттырса керек. Апат кезінде көп жағдайда халық үрейге бой алдырып, тасқынға қалай тойтарыс беретінін білмейді. Сол себепті, еріктілер шұғыл жәрдем беру дағдыларына үйреніп жатыр.
ГҮЛНӘР ИСАҚАНОВА, ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМ ДИРЕКТОРЫ:
— Еріктілердің моральдық, психологиялық тұрғыдан көмек көрсетуіне баса назар аударамыз. Сол сияқты дәрігерлер жеткенше алғашқы медициналық жәрдем беруі де маңызды. Біз волонтерлерге төтенше жағдайға дейін және одан кейін қалай әрекет етуді үйретеміз.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— «Біреуге жақсылық етсең, сол жақсылығыңды міндет етпе» ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің осы бір айтқан сөзін еріктілер де көкейге түйсе керек. Көмекке мұқтаж жандарға тек шын ниетпен жәрдемдесуді көздейді. Былтыр болған табиғи апатта павлодардық еріктілер бірліктің күшімен кез келген қиындықты еңсеруге болатынын дәлелдеді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.