Алматыда шахматтан Әлем кубогына іріктеу туры басталды. Чемпионатқа Орталық Азия елдерінен 6 мемлекет: Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан,Түрікменстан,Тәжікстан мен Ауғанстан шахматшылары қатысып жатыр. Спорт шарасының бас серіктесі – Freedom Holding Corp.
Чемпионатта 134 шахматшы бүкіләлемдік кубокқа жолдама алу үшін бәсекеге түседі. Бұл мүмкіндік мықтыларды жеңіп, іріктеуден өткендерге ғана бұйырады. Негізі бірінші рет өткізіліп отырған шарада тек 3 жеңімпазға арнайы квота берілуі тиіс болған. Бірақ жерлестеріміздің бұған дейінгі жеңісі жолдама санын 7-ге дейін жеткізген екен.
ГҮЛМИРА ДӘУЛЕТОВА, ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
– Қазақстанның қыздары бүкіләлемдік олимпиадада 2 орын алғандықтан және өзбек командасы бүкіләлемдік олимпиадада 3 орын алғаны үшін Орталық Азияға берілген квоталардың саны көбейді. Сондықтан қазіргі таңда 7 орынды осы бүкіләлемдік кубокқа бізге Орталық Азияға беріп отыр.
Дәстүр бойынша шахмат тақтасындағы алғашқы жүріс турнирдің қонақтарына беріледі. Бұл құрмет кәсіпкер әрі шахмат федерациясы филиалының төрағасы Жәнібек Сәуірбекке, Өзбекстанның Бас консулы Раушанбек Матчановқа, Қырғызстанның Алматыдағы Бас консулы Женішбек Асанқұловқа және Түрікменстан консулы Нұрымырат Розыджумаевқа көрсетілді.
ХУСАН ТУРДИАЛИЕВ, FIDE ZONAL COUNCIL 3.4 ПРЕЗИДЕНТІ, БАС АРБИТР:
– Шахмат тақтасындағы бәсекелі жарыс 9 күнге жоспарланған.Меніңше, өте тартысты болады. Өйткені Алматыға Орталық Азияның ең мен деген мықтылары жиналды
Турнирдің бас серіктесі – Freedom Holding Corp. Сондай-ақ SHYMBULAK WATER, Алматы Халықаралық әуежайы мен «Атакент» көрме орталығы. Ұйымдастырушылар спортшыларға барынша ыңғайлы жағдай жасаған.
ТИМУР ТУРЛОВ, ҚАЗАҚСТАН ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
«Осынау маңызды іріктеу турнирін қабылдау – Қазақстан үшін мәртебе, сондықтан ұйымдастырушылар ретінде шахматшылардың қазақтың дәстүрлі қонақжайлығын толық сезінуі үшін қажеттінің бәрін жасаймыз. Әлем Кубогына қатысу үшін өтетін жарыс қызықты болады, демек алдағы уақытта біз тамаша ойындар мен жарқын жеңістердің куәсі боламыз деп күтеміз. Биыл Орталық Азияға 7 квота бөлінді, бұл бұрынғыдан екі еседен астам. Мұның өзі – біздің аймақтың халықаралық деңгейдегі рөлінің нығая түскенінің айқын дәлелі. Біз Қазақстанның жетекші шахмат күші ретіндегі позициясын аймақта да, одан тыс жерлерде де нығайта бермекпіз».
Ең үздік танылған ерлер Нью-Делиде бақ сынайды. Ал әйелдер Батумиде өтетін турнирге қатысады. Сәуірдің 2-9 аралығындағы халықаралық турнирде әлем кубогына жолдамамен бірге шахматшыларға ақшалай сыйлық беріледі. Жалпы сыйақы қоры – 20 мың доллар.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.