Перизат Қайрат «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қайырымдылық қорына түскен ақшаны қалай жылыстатқанын Қаржы мониторингі агенттігі айтып берді.
Су тасқынынан зардап шеккендерге көмекке деп жиналған 2,8 млрд теңгені пысықай Перизат өзінің бақылауындағы 16 жеке компания арқылы шығарып отырған. Әуелі олармен тасқын болған аймақтарға қаңқасы металдан жасалған киіз үй, қайық, су етік сияқты заттарды жеткізу туралы келісімшарттар жасаған. Бұның ешбірі орындалмаған. 72 млн теңгені Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарына тұрмыстық техника сатып аламын деп көрсетіп, шешесі Ғайни Алашбаеваның шотына аударған. Кейін бәрін қолма-қол ақшаға айналдырған.
Сөйтіп, Перизат Қайрат қылмыстық жолмен тапқан ақшаға 4 автокөлік, 4 пәтер, 2 автотұрақ, зәулім үй, жер телімін және ғимарат сатып алған. Тергеу кезінде одан құны 158 млн теңгенің зергерлік бұйымдары, аяқ киім және сөмкелер тәркіленді. Перизаттың 865 млн теңгеге бағаланған барлық мүлкіне тыйым салынды.
ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚМА РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Ақшаның бір бөлігі сомасы 6,9 млн теңге құраған «Rolex» сағатын сатып алуға жұмсалған. Палестинаға көмек көрсету үшін жиналған қаражаттың бір бөлігі 2024 жылдың қаңтарында «Rebel flowers» ЖШС-ін сатып алуға жұмсалған. Оның құны 23 млн теңге болса да, ол келісім-шартта күдік туғызбау үшін 2 млн теңгеге төмендетілген соманы көрсеткен. Гүл бизнесінен түскен табысы 69 млн теңгені құрады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.