Декреттік төлемді есептеу тәртібі өзгереді

Өткен жылы 158 миллион теңге заңсыз декреттік төлем алған жүзден астам ана тергеліп жатыр. Сәуірдің сегізінен бастап елімізде төлемді есептеу тәртібі өзгереді. Сонда бала күтіміне берілетін төлем қанша болады? Қандай тәртіп енгізілді?
Бұрын әйелдің ресми айлығы қаншалықты жоғары болса, босану бойынша соғырлым көбірек төлем алып жүрді. Осыны пайдаланып, декретке шығарда табысын қолдан көбейткендер аз болмады. Енді бұл ереже өзгерді.
ГҮЛБАҒИЛА БОЛАТБЕКОВА, САҚТАНДЫРУ ҚОРЫНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Жеті еселенген ең төменгі жалақыны 4,2 коэффицентіне көбейту арқылы 2,5 млн шығады. Яғни бұл – ең жоғарғы төлем мөлшері. Еден жуушы егер 3 жерде жұмыс істеп, әрбір жерден 100 мың теңге алса, ол кісі ешқандай төлемнен қағылмайды. Себебі 3 жұмыс орнындағы айлығын әлеуметтік аударымдар төленген айлығын есептегенде орташа айлығы 300 мың боп шығады. Сол 300 мыңды 4,2 кофициентк екөбейткенде миллионнан артық ақша алады.
Бұл өзгеріс айлығы жоғары әйелдерге қатысты. Егер ресми жалақыңыз 595 мың теңгеден жоғары болса да, төлем сол шекті табыс бойынша есептеледі. Осылайша ең жоғарғы төлем 2 млн 249 мың теңгеден аспайды. Бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі төленетін ай сайынғы жәрдемақы да өзгерді. 1-3 балаға берілетін төлем 149 мың теңгеден көп болмайды. Шолпан Нұрқашова қазір декрет демалысында отыр. Жүкті болғанда мемлекеттен бір миллион теңге бір реттік жәрдемақы алғанын жасырмады.
ШОЛПАН НҰРҚАШОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Ол дұрыс емес деп ойлаймын. Себебі көп әйел әдейі жұмыс істейді. Себебі декрет кезінде ақшаны қайдан алатынын ойлағысы келмейді. Балаларға жөргек пен тамағын қандай ақшаға аламын деп ойлағылары келмейді. Сол үшін жұмыс істейді.
Мамандар декреттік төлем бойынша өзге елдің тәжірибесін зерттеп зерделеген.
ГҮЛБАҒИЛА БОЛАТБЕКОВА, САҚТАНДЫРУ ҚОРЫНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Шектеулер бүкіл әлем тәжірибесінде енгізілген. Дамыған елдерде орташа айлықты алады. Қазақстанда орташа айлық 200-300 мыңның маңайында. Ал біз 595 мың теңге 7 еселенген ең төменгі жалақының деңгейінде сақтандырып отырмыз.
Бұл өзгеріс сақтандыру қорындағы қаржыны тиімді пайдалануға мүмкіндік жасайды. Қаражат бірінші кезекте мұқтаж жандарға, яғни мүгедек мен асыраушысынан айырылған балаларға беріледі. Айта кетейік, мемлекеттен қомақты төлем алмақ болған 117 ана алаяқтық күдігімен тергеліп жатыр.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Сала мамандарының мәліметінше, жаңа ереже осындай олқылықтарға жол бермейді. Әлеуметтік төлемнің мөлшеріне қатысты өзгеріс 8 сәуірден бастап қолданысқа енгізіледі. Жалпы былтыр 276 мыңнан астам әйел және 477 ер азамат декреттік демалысқа шығып, тиісті төлем алған.
———————————————