Қазақстан ЕуроОдақ нарығына экспортты ұлғайтуға дайын

Қазақстан ЕуроОдақ нарығына жалпы құны 2 миллиард доллардан асатын 175 тауар түрінің экспортын ұлғайтуға дайын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқандта бірінші рет өтіп жатқан «Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммитінде сөйлеген сөзінде осылай деді. Мемлекет басшысы технология және инновация, энергетика және тасымал, халықаралық саясат пен қауіпсіздік жайына да тоқталды.
Мемлекет басшысы геосаяси дүрбелеңдер мен жаһандық сын-қатерлер белең алған кезеңде Орталық Азия мен Еуропа Одағы арасындағы ықпалдастықтың өзектілігі арта түскеніне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға баса мән берген жөн деп санайды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Қазақстан – Еуропаға көмірсутегін жеткізетін сенімді серіктестердің бірі. Еуропа Одағы шетелден импорттайтын мұнайдың 13 пайызға жуығы біздің елімізге тиесілі. Оның басым бөлігі Каспий құбыр консорциумы арқылы тасымалданады. Еуропа Одағы аталған консорциумның тұрақты әрі ұзақмерзімді жұмыс істеуіне қолдау білдіріп отыр. Біз мұны жоғары бағалаймыз.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан ЕуроОдақ нарығына жалпы құны 2 миллиард доллардан асатын 175 тауар түрінің экспортын ұлғайтуға дайын. Бүгінде Қазақстанда Еуропа Одағы экономикасына қажет 34 шикізаттың 19 түрі өндіріледі. Оның қатарында уран, титан, мыс, литий, кобальт, вольфрам және басқа да көптеген элемент бар. Сонымен қатар еліміз Еуропалық қайта құру және даму банкімен арадағы келісім бойынша геологиялық барлау саласында бірлескен жобаларды іске асырып, кен игерудің озық тәжірибесін енгізіп жатыр. Бұл ретте Президент Астанада Сирек кездесетін металдарды зерттейтін аймақтық орталық құруды ұсынды. Саммитте Қасым-Жомарт Тоқаев Украинаға қатысты келіссөз процесіне қолдау білдірді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Қазақстан кез келген қақтығыстың бейбіт жолмен шешілуін жақтайды. Сондықтан Украинаға қатысты келіссөздердің басталуын құптаймыз. Мәселенің күрделі екенін түсінеміз. Дегенмен шиеленіс оң шешімін табады деп үміттенеміз.
Мемлекет басшысы орнықты дамудың басты кепілі саналатын халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықтың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан теңгерімді сыртқы саясатты берік ұстанады және барлық мүдделі мемлекетпен, негізгі халықаралық құрылыммен, соның ішінде Еуропа Одағымен ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті.
———————————————