Елімізде жер қойнауын зерттейтін геолог тапшы

Сәуірдің алғашқы жексенбісі – геологтар күні. Десек те елімізде жер қойнауын зерттейтін геолог тапшы. Ал геологтар аяғы тимеген аумақ көп. Бұл туралы ҚР Құрметті геологы Айбек Айтуаров айтты. Түрлі кен орнында сан алуан жаңалық ашқан ғалым еліміздегі геологияның қыр-сырымен айтып берді.
Геология – ғылым ғана емес, уақыт машинасы. Құрметті геолог Айбек Айтуаров осылай дейді. Кейіпкеріміз бұл салаға кездейсоқ келмеген. Әкесі Толықбай Айтуаров Кеңес заманы тұсында бас гидрогеолог болған.
АЙБЕК АЙТУАРОВ, ҚҰРМЕТТІ ГЕОЛОГ:
— Бұл – өте қызық мамандық. Геология – кез келген дәуірге саяхат жасау тәрізді. Біз млн жыл артқа саяхаттай аламыз. Ежелден келе жатқан дүниені зерттейміз.
Айбек Айтуаровтың бұл салада жүргеніне 30 жылдай болды. Еліміздің ірі компанияларында, шетелде де еңбек еткен ғалымның айтары бар.
АЙБЕК АЙТУАРОВ, ҚҰРМЕТТІ ГЕОЛОГ:
— Біздің елде зерттелмеген жер, барланбаған орын өте көп. Кейбір ғылыми зерттеу басталып, аяғына дейін жетпеген. Біздің бар назарымыз батыс өңірінде. Ал қалған 11 шөгінді алап жай жатыр. Солтүстік аумақ тіпті қозғалмаған.
Әр мемлекеттің экономикасының тұрақты дамуы, оның материалдық әл-ауқаты геологқа байланысты. Жер бетінде және оның қойнауындағы үдерісті зерттейтін ғалым бірнеше мамандықтың басын біріктіреді. Сол себепті артылар жүк көп.
МАҒЖАН ҮЙСІНБАЙ, ТІЛШІ:
— Геолог дегенде бірінші болып есімізге Қаныш Сәтбаев түседі. Отандық геологияның негізін қалаған ғалым қаншама жастың бұл салаға келуіне себепкер болған.
Қазақ геологиясының ғұламасы Қаныш Сәтбаев бар өмірін ғылымға арнаған. Отандық геологияның негізін қалаушы ғалым минералдық ресурс және рудалық кен генеалогиясын зерттеп, дамытқан.
ҒАЛИЯ АҚПАНБЕКОВА, ҚР ҰМ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
— Сәтбаев өзі негізін салған Қарағанды металлургия комбинатында өндірілген ең алғашқы темірдің таза құймасы алдымызда тұр.
Өткен жылы елімізде 38 пайдалы қатты қазба алаңы анықталды. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев айтты. 2026 жылға қарай жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу алаңы 2,2 млн шаршы шақырымға дейін ұлғаймақ. Ал соңғы 6 жылда жеке инвесторлар салымы үш есе өскен.
———————————————