Атырауда бүтін бір ықшам аудан жарық пен сусыз қалды

Атырауда бүтін бір ықшам аудан үш күннен бері жарық пен сусыз қалды. Электр қуатының болмауынан жұрт шам жағып амалдауға көшкен. «Несиеге алған бүкіл техникамыз күйіп, шығынға баттық», — дейді тұрғындар. Ай сайын коммуналдық қызметке 25-30 мың теңгені үзбей төлеп отырғандарын айтады. Мәселе қашан шешімін табады?
Бүтін бір шағын ауданда бірнеше күннен бері жарық пен су жоқ. Әсіресе көп қабатты үй тұрғындары не істерін білмей дал. Былтыр ғана жаңа баспана алған азаматтардың күндегі көретін құқайы осы.

ЖҰМАГҮЛ ЕРНИЯЗОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Жарық күн сайын сөніп қалады. Жарық сөнсе ыстық, суық су да тоқтайды. Проблема өте көп. Былтыр көшіп келгенмін. Көргеніміз осы. Бүкіл техника күйіп бітті. Балаларды сабаққа жіберу өте қиын. Күйген заттарға кім жауап береді?

ТӘРБИЕ ҒҰСМАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Жарық пен судың жоқтығы өте қиын болып тұр. Бізге көмек керек. Әкімдікке күн сайын жазып отырмыз. Ақшасын уақытылы төлеп отырмыз. Күн сайын сөндірсе кімге, не үшін төлеп отырмыз сонда?
Тұрғындардың дені баспананы несиеге сатып алған. Ал үйді салған компания өкілдері су мен жарықтың жиі өшуі қалыпты жағдай деп отыр. Инфрақұрылым тиісті мекемелерге толық өткенше, мәселе шешімін таппайды.

ТИМУР ӨТЕМҰРАТОВ, «К7 ГРУПП» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
— «Атырау-Жарық» сервисіне өткізуді қарастырып жатырмыз. Техникалық ақау бір тоқ желісінде ақау содан пайда болған. Қазір оны алып тастадық.
Демек, тұрғын үйге су және жарық беруші компаниялармен толық келісімшарт жасалмайынша мәселе шешімін таппайды. Сондықтан ақау шықса, компания өкілдеріне хабарласқаннан басқа амал жоқ.
———————————————