«Сергеев» су қоймасы 130% толып тұр

Солтүстік Қазақстан облысында тасқынның екінші толқыны жүріп жатыр. Есіл, Ғабит Мүсірепов және Шал ақын ауданында Есіл өзенінің деңгейі көтеріле бастады. Петропавл қаласы шетіндегі бірнеше саяжайға су жайылды. Шаhарда 12 бекет қойылып, тәртіп сақшылары мен құтқарушылар тәуліктік кезекшілікке көшті.
«Сергеев» су қоймасы – Есіл өзені ағысының негізгі реттеушісі. Бүгінде ол 130% толды. Ал бөгеттің үстімен ағып жатқан судың биіктігі 1 метр 68 сантиметрге жуықтады. Яғни соңғы аптада оның деңгейі екі есе дейін көтерілген. Қазсушар мекемесі мамандардың айтуынша, биыл көктемде бұл қоймадан 3 миллиард текше метрден астам су ағып өтеді.

ШҰҒАЙЫП ИБАТУЛЛИН, «КАЗСУШАР» РМК СҚОФ ДИРЕКТОРЫ:
— Өңірдегі екі су торабы қазір штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Алаңдауға еш негіз жоқ. Жағдай бақылауда. Жергілікті атқарушы органдарға әр төрт сағат сайын ақпарат беріп отырамыз. Былтырғы тасқын қайталанбайды деген сенімдеміз.

Бүгінде аймақта тасқынның екінші толқыны басталды. Салдарынан кей жерлерде Есіл арнасынан асып, жан-жаққа су жайыла бастаған. Петропавл қаласы шетіндегі бірнеше саяжайға су тарады. Синоптиктердің мәліметінше, келер апта өзен Ақмола облысынан келетін сумен толығады.

ҚЫМБАТ МЕРҒАЛИМОВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК СҚОФ ДИРЕКТОРЫ:
— Қазір Шал ақын және Есіл аудандарында тасқынның екінші толқыны жүріп жатыр. Бірнеше күннен кейін су Қызылжар ауданы аумағына жетеді. Ақмола облысындағы Жабай және Қалқұтан өзендері тасып жатқанын білеміз. 12-13 сәуірде ол Есілге келіп қосылады. Сондықтан өзендегі судың деңгейі тағы көтеріледі деген болжам бар.
Осы жағдайға байланысты Петропавл қаласы шетінде орналасқан аудандарға 12 бекет қойылды. 40-қа жуық полиция қызметкері күнді-түні кезекшілік жасайды. Яғни бұл аумақтарға кіріп-шығуға қатаң тыйым салынды. Айта кету керек, бүгінде өңірде екі жол учаскесін су шайды.
———————————————