Перизат Қайрат ісі: жәбірленушілер ақшаларын қайтаруды талап етті

Бүгін елордада Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты іс бойынша соттағы жарыссөздер өтті. Шамамен бір сағатқа жалғасқан отырыста бірнеше жәбірленуші мен олардың өкілдері өз куәліктерін беріп, ақшаларын қайтаруды талап етті. Олар Перизат Қайраттың қорына ондаған мыңнан, жүздеген миллион теңгеге дейін қаржы салған. Бұл сома су тасқынынан зардап шеккендерге, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталық салуға және Газа тұрғындарына көмек көрсетуге арналған болатын. Мәселен, құрылыс компаниясының өкілі айыпталушылардан 200 млн теңге өндіріп беруді және оларға ең қатаң жаза қолдануды сұрады. Айыптауды Назарбаев зияткерлік мектебінің өкілі де қолдады. Ұжым атынан қорға 900 мың теңге аударылған. Төрағалық етуші судья Сабыржан Каримов жәбірленушілердің пікірлері ертең де жалғасатынын айтты. Алдыңғы күні мемлекеттік айыптаушылар Перизат Қайратқа 10 жыл бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу және дәл осы мерзімге қайырымдылықпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жаза сұраған болатын. Ал анасы Гайни Алашбаеваны 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы талап етілді.
———————————————