Енді Қазақстанға кірген мигранттардың қозғалысы қадағаланады. Шекарадан өткен әр шетел азаматына жеке ID-карта жасалады. Көші-қон процесін реттейтін цифрлық платформа 1 қарашаға дейін әзірленуі тиіс. Премьер-министр осындай тапсырма берді. Бұл бастама, бірінші кезекте, ел ішінде көші-қон заңын бұзатындарға тосқауыл болмақ. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, елге келген шетелдіктерге қолайлы жағдай туғызу үшін мобильді қосымшалар да жасалып жатыр. Мысалы, QazETA қосымшасы осыдан бір апта бұрын Playmarket-те орналастырылды. Онда виза алу, болу орны бойынша тіркелу және өзге де көші-қон сервистері, көрікті жерлер, турлар, қонақүйлерді брондау, билеттер мен SIM-карталарды сатып алу, авто, такси жалдау, шұғыл байланыстар, медициналық қызметтер туралы ақпараттар бар.
ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ҚР ЦДИАӨ МИНИСТРІ:
— 2025 жылғы 15 шілде күні пилоттық жоба аясында QazETA мобильді қосымшасы Playmarket-те орналастырылды. AppStore алаңында қосымшаны орналастыруды осы айдың соңына дейін жүзеге асыру жоспарлануда. Бұдан басқа, биылғы қазан айында қосымша шеңберінде 2 жаңа процесс іске қосылады. Олар – ETA (Electronic Travel Authorization) — визасыз елдерге кіруге рұқсат беру; E-residency – шетелдіктер үшін жаңа мүмкіндік. Қазір бұл екеуі бойынша заңнамаға пысықтау жүргізіліп жатыр. Соңғысы (E-residency) Эстония мен Сейшелдің тәжірибесіне сай, бизнес ашу үшін елге келмей-ақ Астана халықаралық қаржы орталығы юрисдикциясында резиденттікті тіркеуге мүмкіндік береді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.