Астана мен Алматыда Autism Talks іс-шарасы өтті

Астана мен Алматыда дәстүрлі түрде Autism Talks іс-шарасы өтті. Еркін әңгімелесу форматындағы басқосуда аутизмге шалдыққан балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар мен мамандар тәжірибесімен бөлісті. Қатысушылар аутизммен өмір сүру, бұл жолда көрген қиындықтары және оны қалай жеңгені туралы баяндады. Дәстүрлі жиын Болашақ корпоративтік қоры, Қазақстан шахмат федерациясы және «Фридом Шапағат» корпоративтік қорының қолдауымен өтті.
Autism Talks 3.4 Аймағының Азия чемпионаты шеңберінде ұйымдастырылды. Бұл – ата-аналар мен мамандар пікір алмасып, тәжірибе бөлісетін алаң. Дәстүрге айналған басқосу спорт пен инклюзияның бірге сәтті жұмыс істейтінін көрсетті.

ДАРМЕН СӘДУАҚАСОВ, ҚАЗАҚСТАН ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:
— Біз Қазақстан шахмат федерациясы ретінде Халықаралық шахмат федерациясымен және «Болашақ» қорымен бірігіп, бұл мәселені назарымызға алуды жөн санадық. Infinite Chess жобасы былтыр іске қосылды. Шахмат – бәріне тең мүмкіндік беріп, адамдарды біріктіретін спорт түрі. Ал инкюзивтілік Қазақстан – шахмат федерациясының басым бағыттарының бірі. Біз ерекшелігі бар балалардың өсіп-өнуіне жағдай жасалғанын қалаймыз.
Мамандардың пікірінше, аутизмді емдеудің ең тиімді жолы – педагогикалық әдістер арқылы әсер ету. Балаларды қарапайым дағдыларға үйрету, әлеуметтік ортаға бейімдеу маңызды. Заманауи әдістемелерді меңгерген білікті мамандар осы бағытта тәжірибесімен бөлісті. Ата-аналар да көкейдегі сұрақтарына тұщымды жауап алды.

САМАЛ ӘЛБІЛЕКОВА, «БОЛАШАҚ» КОРПОРАТИВТІК ҚОРЫНЫҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ:
— Autism Talks іс-шарасы «Болашақ» корпоративтік қорымен осымен үшінші жыл ұйымдастырылды. Алматыда бірінші рет өткізудеміз. Бұл іс-шара Қазақстан шахмат федерациясында Азия аймақтық шахмат турнирі аясында өткізіліп жатыр. Autism Talks іс шарасының мақсаты – аутизм бар балалардың ата-аналарына, ол балалармен жұмыс істейтін мамандарға қолдау көрсету. Өз тәжірибелерімен бөлісу.
Елде аутизм белгісі бар 15 000-нан астам бала есепке алынған. Ал бейресми деректер бойынша, олардың саны 35 000-нан асады. 7 мыңы – мектеп жасына дейінгі бүлдіршін. «Болашақ» қоры 71 инклюзивтік кабинет ашқан. Мұнда аутист балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеу бойынша 4 000-нан астам ата-ана мен маман білімін шыңдады. Нәтиже бар. 800-ден астам бала мектеп табалдырығын аттады.
———————————————