Қосшыда екі жасар қызды көлікпен қаққан келіншек қамауға алынған жоқ | 07.04.2025

Жүргізуші: Оксана Петерс — https://www.instagram.com/oksana_peters_tv

ҚАСКҮНЕМ ҰСТАЛДЫ
Елде ессіз адам көбейіп барады. Ақтөбеде алаңда ойнап жүрген бес жасар баланы ер адам сыпырғышпен ұрған. Ал баласына көмекке келген әкесін пышақпен жарақаттаған. Қаскүнем қаладан шықпау туралы қолхатпен үйіне жіберіліп, қылмыстық іс қозғалды.

АЖАЛ АЙДАҒАН
Мас күйінде мектеп автобусын айдап, адам қағып кеткен жүргізушіге сот үш жарым жыл үкім кесті. Айыпталушы қоғамдық көліктің астында жантәсілім еткен марқұмның етжақындарына 10 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге тиіс.

ҚАЛҚҰТАН ТАСЫДЫ
Тасқын тығырыққа тіреді. Ақмола облысындағы Ескі Колутон елдімекені байланыстан ажырап қалды. Қалқұтан өзені арнасынан асып, ауыл тұрғындары қайықпен құтқарылды. Ал Солтүстік Қазақстан облысын Сергеев су қоймасы сергелдеңге салуы мүмкін.

ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЛДІ
Қостанайдың медициналық мекемелері қарызға белшеден батты. Олардың кредиторлық берешегі 1 млрд 722 млн теңгеге жеткен. Егер қарыз толық жабылмаса, сала санкцияға ұшырап, дәрі-дәрмек жеткізуде кідіріс болуы мүмкін.

«КЕЛЕШЕК» КЕПІЛІ
Биыл ел бойынша 78 мыңнан астам білім гранты бөлінеді. Ал іске қосылғанына бір ай болған «Келешек» бағдарламасына жүз мыңнан астам ата-ана ақша салды. Бес жасқа енді толған балаға депозит ашқандарға мемлекеттің арнайы сыйақысы бар.
———————————————